Павлодар облысында орман өртін жасырғандар жауапқа тартылды

Павлодар облысында орман өртін жасырғандар жауапқа тартылды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Өңірде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі әшкереленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Шамиль Елубаевтың айтуынша, биыл мемлекеттік орман қоры жерлеріндегі өрт қаупі жоғары кезеңі 6 сәуірде басталып, 10 қарашада аяқталған.

– Жыл басынан бері инспекция мамандары 56 рейд өткізіп, ауданы үш гектардан асатын орман алқаптарындағы 21 өрт оқиғасы бойынша қызметтік тергеп-тексеру жүргізді. Нәтижесінде табиғи аумақтарды қорғауға жауапты мекемелердің алты лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, мемлекеттік орман қоры аумағында жалын болғанын жасырудың екі дерегін анықтадық. Кінәлілерге жалпы сомасы 1,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, – деді Шамиль Елубаев.

Бөлім басшысының сөзінше, мұндай заңбұзушылықтар инспекцияның рейдтік шаралары мен ғарыштық мониторинг нәтижесінде белгілі болған. Мамандар тілсіз жау шарпыған жерлерді ғарыштан түсірілген суреттер арқылы тексереді. Қажет болған жағдайда «Қазақстан ғарыш сапары» мамандарына ресми сұраныс жолдайды. Алынған материалдар арқылы жалынның тұтанған уақытын, таралу көлемін және шығу себептерін анықтауға болады.

Биыл орман пайдаланушылардың өздері де қауіпсіздік ережелерін бұзудың 12 дерегін тіркеген. Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 1 миллион 600 мың теңгеден астам айыппұл салынған.

Табиғи апаттың алдын алу мақсатында орман алқаптарында минералдандырылған жолақтар жасалып, бұрыннан бар қорғаныс белдеулеріне күтім көрсетілген. Сонымен қатар, қауіпсіздік талаптары жазылған ақпараттық тақталар жаңартылып, тұрғындар арасында түсіндіру шаралары ұйымдастырылған. Халыққа арнайы жадынамалар да таратылған.

Инспекция өкілінің мәліметінше, қазіргі уақытта орман пайдаланушылардың арнайы сөндіру техникасымен қамтамасыз етілу деңгейі 100 пайызға жуықтаған. Дегенмен, негізгі түйткіл – машиналар мен жабдықтарды орналастыруға арналған орман өрт сөндіру станцияларының тапшылығы.

Мәселен, «Ертіс орманы» резерваты құрамындағы 16 орманшылықтың әрқайсысында осындай бекет болуы қажет. Алайда қазір олардың тек 11-інде ғана бар. Оның ішінде екеуі ғана нормативтік талаптарға сәйкес келеді, қалғандарының жағдайы белгіленген стандарттарға сай емес.

– Қазір бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу қолға алынды. Максим-Горький атындағы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде екі өрт сөндіру станциясының құрылысы аяқталуға жақын. Оларды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, резерват аумағында тағы екі нысанның құрылысы басталды. Қалған мекемелерде де бұл бағыттағы шаралар жоспарлы түрде жалғасады, – деді бөлім басшысы.

Алдағы уақытта орман пайдаланушыларға патрульдік көліктер сатып алу көзделген. Жыл соңына дейін «Ертіс орманы» мекемесін қажетті техникамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ал облыс әкімдігіне қарасты үш коммуналдық мекемеге қатысты бұл мәселе әзірге жоспарлау сатысында.

Қорғау жүйесін жаңғырту аясында орман шаруашылықтарында қауіпті ерте анықтайтын бейнекамералар орнатылған. Мұндай құрылғылар «Ертіс орманы» резерваты, Баянауыл ұлттық паркі және үш коммуналдық мекемеде жұмыс істейді.

Маманның айтуынша, кадр тапшылығы жоқ. Дегенмен, қызметкерлердің бір бөлігі, соның ішінде өрт мұнараларындағы бақылаушылар мен диспетчерлер маусымдық негізде еңбек етеді. Оларды жыл бойы тұрақты жұмыспен қамту үшін алдымен қажетті инфрақұрылымды, яғни арнайы станцияларды салу қажет.

Осылайша, өңірде арнайы техниканы жаңарту жұмыстары негізінен аяқталғанымен, өрт сөндіру бекеттерінің құрылысын жалғастыру және материалдық-техникалық базаны нығайту алдағы кезеңдегі басты міндеттердің бірі болып қала береді.

Еске сала кетейік, биыл Павлодар облысында орман өртінің алдын алу мақсатында мобильді топтар құрылып, мыңдаған рейд жүргізілді. Соған қарамастан, өрт салдарынан табиғи алқаптарға айтарлықтай залал келді.