Павлодарда «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңіне өтінімдер қабылдануда
Ұлттық байқаудың іріктеу кезеңіне облыс орталығының және ауылдық аймақтың отбасылары шақырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласы ішкі саясат бөлімінің мәлімдеуінше, байқау Павлодар қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіледі және отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды, ұрпақтар сабақтастығын, үлкендерді құрметтеуге және балаларды жауапкершілікпен тәрбиелеуге бағытталған.
– Қатысуға еңбек, шығармашылық, спорттық, қоғамдық және қайырымдылық қызметінде жетістіктері бар бірнеше ұрпақ өкілдері болып табылатын Павлодар қаласы мен ауылдық аймақтың отбасылары шақырылады,- делінген хабарламада.
Қатысу үшін отбасылық бейнеролик-презентация (2 минутқа дейін), отбасылық фотоальбом, отбасы мүшелерінің жетістіктері туралы құжаттар мен материалдар дайындау қажет. Өтінімдерді қабылдау 15 маусымға дейін сағат 18:00-ге дейін жүзеге асырылады. Өтінімді kenzhekol_zhastary@mail.ru электрондық поштасына жіберу керек.
Байқау қорытындысы бойынша үздік отбасылар дипломдармен, естелік сыйлықтармен марапатталады және байқаудың облыстық кезеңінде Павлодар қаласының атынан қатысады.
Айта кетелік, қазіргі таңда ұлттық байқауға өтінімдер қабылдау облыстың барлық аудандары мен қалаларында да жүзеге асуда.