Павлодар облысындағы қалалардың біріндегі кәріз құбырлары 50 жылға жаңартылады

Павлодар облысындағы қалалардың біріндегі кәріз құбырлары 50 жылға жаңартылады
Фото: Константин Шелков

Мердігерлер барлық жұмысты маусым айының ортасына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Ақсу қаласына жұмыс сапары барысында коммуналдық инфрақұрылым нысандарын аралады. Тексеру кезінде өңір басшысы кәріз коллекторларын қайта жаңарту және санациялау жобаларының жүзеге асырылуымен танысты. Жұмыстардың барысы туралы Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Нұрбек Қоңыратбаев баяндады.

Өткен жылы бәсеңдету камерасынан бастап негізгі коллекторлық станцияға дейінгі жұмыстар атқарылып, сондай-ақ Құрылысшылар көшесіндегі №43 үйден бәсеңдету камерасына дейін ашық қысымды коллектор тартылған. Бұдан бөлек, Ақсу станциясы маңындағы теміржол астындағы учаскеге санациялау  яғни арнайы технология арқылы қалпына келтіру жұмыстары толық жүргізілді.

Қазіргі уақытта ұзындығы шамамен бір шақырым болатын кәріз желісінің бір тармағын санациялау жалғасуда. Атап айтқанда, Құрылысшылар көшесі, 45/2 мекенжайынан бәсеңдету камерасына дейінгі бөлік жаңартылып жатыр. Сонымен қатар, тағы 500 метрге жуық құбыр қалпына келтіріледі. Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, санациядан кейін құбырлардың қызмет ету мерзімі кемінде 50 жыл болады.

Бұдан бөлек, қалада Дөнентаев көшесіндегі диаметрі 500 миллиметр болатын коллекторды қайта жаңарту жобасы жүзеге асырылуда. Жұмыстар екі кезеңге бөлінген: алғашқы учаске Астана көшесінен полиция басқармасы ғимаратына дейін, ал екінші бөлігі полиция ғимаратынан Қамзин көшесіндегі бәсеңдету камерасына дейін созылады. Бұл жоба Черёмушки шағынауданындағы инженерлік желілерді жаңарту жұмыстарымен бір келісімшарт аясында біріктірілген.

Екі жоба да облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып, оларды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Тексеру барысында облыс әкімі кәріз желілеріндегі өзге де проблемалық учаскелерге назар аударды. Қазіргі кезде Құрылысшылар көшесіндегі ұзындығы 800 метр болатын коллекторды санациялау жобасы әзірленіп жатыр. Оның құны шамамен 450 миллион теңгеге бағалануда. Сонымен қатар, жақын арада Әуезов көшесі мен вокзал маңындағы желілерді қайта жаңарту бойынша тағы бір жобаны әзірлеу жоспарланған.

Коммуналдық жұмыстар аяқталғаннан кейін аумақты абаттандыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Қала билігінің мәліметінше, нысандарда соқыр алаңдарды орнату, автотұрақтарды және асфальт жабындысын қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Донентаев көшесіндегі негізгі жұмыстарды мердігерлер шамамен қараша айында аяқтауды көздеп отыр. Ауа райы қолайлы болған жағдайда мерзім қысқаруы мүмкін.