Павлодарда «Мұғалім» шынайылықтың сабағын танытты

Павлодарда «Мұғалім» шынайылықтың сабағын танытты
Фото: автор

Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры жаңа маусымның алғашқы премьерасын қойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Мұғалім» әлеуметтік драмасы көрерменді еліміздегі бір мектептің 11 «А» сыныбының күрделі тіршілігіне қанықтырады. Көрермендер кешегі балалардың ересек өмірге қадам басуы, олардың бір-бірімен, ұстаздармен, ең бастысы – ата-аналарымен қарым-қатынасына куә болады. Ағылшын тілінің жас мұғалімі Айдана Айдарбекқызының (Еркежан Төлеубек) Заура Кенжебаева) 11- сынып оқушыларының өтірік пен жалғандықтан арылуға деген құштарлығын оятады.

Оқушылар арасындағы жанжалдан кейін Айдана Айдарбекқызы ата-аналармен сынып сағатын өткізуді ұйғарады. Креативті мұғалім оқушылар мен олардың ата-аналары арасында түсінбеушілік барын біліп, арнайы «сырласу бөлмесін» ұйымдастырады. Бір қарағанда әншейін болып көрінетін сабақ драмаға айналады: жеке әңгімелесу кезінде жұмысбастылық деген желеумен ашық әңгімеден тайқақситын ата-ана өз балаларының алдында қорғансыз болып қалады, терең отбасылық мәселелер ашылады. Жаралы жандар ашық диалог арқылы катарсиске жетеді, тараптар келісімге келеді.

- Бұл қойылым арқылы біз балалар мен олардың ата-аналары арасындағы проблемалық қарым-қатынасты ашқымыз келді. Ұстаздың бейнесі – жүрегіне ғаламды сыйғызған тұлға. Әрбір сөзі – шәкіртке шамшырақ, әрбір ісі – болашаққа жол сілтер нұр. Мұғалім тағдыры арқылы біз адалдық пен мейірімнің, арман мен үміттің, жауапкершілік пен жанқиярлықтың сырын ұғынамыз. Бұл қойылым мұғалім, оқушы және ата-ана арасындағы мәселелердің шешімін табуға жол бастайды, - дейді қоюшы режиссер Әділет Ақанов.

Спектакль театр залын лық толтырды. Көрермендер «Мұғалімнің» кейіпкерлерімен бірге күліп, көз жасын төгіп жатты. Қойылым соңында көрермендер қол шапалақтап, «Браво!» деп айқайлады.