Павлодарда Баязитов оқулары өтті

Павлодарда Баязитов оқулары өтті
Фото: Мақсат Көлтайұлы

Бұл байқау бірнеше кезеңнен тұрды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

С. Баязитов атындағы балалар оқу орталығында ақынға арналған онкүндік аясында «Баязитов оқулары» өтті. Шараның негізгі мақсаты - Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, публицист, өлкетанушы, балалар кітаптарының авторы Сүлеймен Баязитовтың шығармашылығын насихаттау, мектеп оқушылары аясында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту. 

Әдеби шараға жергілікті зиялы қауым өкілдері, жазушының туыстары, мектеп оқушылары қатысты. Қатысушылар Сүлеймен Баязитовтың өлеңдерін жатқа оқып, екінші кезеңде «Жұмбақтар керуені» танымдық сайысы өткізілді. 

Сондай-ақ, жиналған қауымға «Асқақ арманды ақын» атты кітап көрмесі ұсынылып, таныстырылды. Қазылар алқасындағы – Ш.Байғалы, Л. Бевз, С.Аханбаева секілді қаламгерлер мен ұстаздар үміткерлердің өнерлеріне баға беріп, ойларын ортаға салды. 

Қазылар алқасының қорытындысы бойынша 3-орынға Айару Мақсат, Марк Трынов , Серіәлі Серік табан тіресе, 2-орын Ясмин Сидорук пен Әбілмансұр Серікке бұйырды. 1-орынды Сайда Исбулат иеленсе, бас жүлдені Асылхан Жансұлу алды.