Павлодарда Торайғыровтың жинағы реставрацияланды

Павлодарда Торайғыровтың  жинағы реставрацияланды
Фото: Мақсат Көлтайұлы

Бұл еңбек Алматыдан 2014 жылы Дихан Әбілевтың жеке кітапханасынан зерттеулер барысында табылған, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz тілшісі.

Таңдамалы шығармалар жинағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бастамасымен Торайғыров университетінің демеушілігімен реставрация жасалған. 

Кітап бүгін Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне салтанатты түрде табысталды. Жинақты 1933 жылы Жүсіпбек Аймауытов дайындаған. 

Ақын, қазақ ауыз әдебиетін жинауда зор еңбек сіңірген тарихи тұлға, ұлы ғұлама  Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдығына орай және ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы, аса көрнекті ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдығына «Бабалар мұрасы» атты көрме ұйымдастырылды.  

– Музейімізде көне заманда қолданылған көптеген жәдігерлер мен заттар сақталған. Музей қорында 650-ге жуық экспонат бар. Өкінішке орай, нақты Торайғыровпен байланысты немесе ақын қолданған заттар әзірге жоқ. Бүгін музей қоры осындай құнды жәдігермен толықтырылды. Бұл кітапты бағалы деп айтуға да болады, – дейді С.Торайғыров музейінің меңгерушісі Жанар Әубәкірова. 

Сұлтанмахмұт Торайғыров – Қазақстанның ең көрнекті ақындарының бірі. Ол барлығы 27 жас қысқа өмір сүріп, үлкен шығармашылық мұра қалдырды. Торайғыров шығармалары - 20 ғасырдың басындағы қазақ қоғамы шындығын, ондағы жаңашыл ой-пікірдің дамуын танытатын үлкен белес. Оның ізденістері «шындықтың ауылын іздеумен» байланысты, оның реализмі бұлтақсыз, жалтақсыз айтылған шындыққа, әлеуметтік тіршіліктің шынайы суреттеріне негізделген, оның теңденциясы да сыншыл.