Павлодарда Республика күніне орай мемлекеттік наградалар табысталды
Олардың қатарында білім, мәдениет, энергетика, өндіріс және қоғамдық қызмет саласында еңбек етіп жүрген мамандар мен еңбек ардагерлері бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Салтанатты жиында мемлекеттік және қоғамдық қызметте, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өндіріс пен мәдениетті өркендетуге, сондай-ақ халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқан азаматтардың еңбегі атап өтілді.
Мерекеде Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірдің дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарына алғысын білдірді.

– Осы мерекеде біз өткенімізге тағзым етіп қана қоймай, болашаққа да жол саламыз. Ертіс-Баян өңірі – ел экономикасы мен қуатын еселеуге үлес қосып келе жатқан аймақтардың бірі. Сонымен қатар, Павлодар облысы – туған жерінің игілігі үшін маңдай терін төккен еңбек адамдарының өлкесі. Баршаңызға Отанымыздың болашағы үшін атқарып жүрген қажырлы еңбектеріңізге алғысымды білдіремін, – деді аймақ басшысы.
Мемлекеттік наградалар бірнеше азаматқа табысталды. Атап айтқанда, «Құрмет» орденімен облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Тамара Ильина, Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі Талғат Кәрімов, «Павлодар өзен порты» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Долорес Пішембаева, еңбек ардагері Рымкеш Сләмбекова және Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, академик Айтмұхамет Тұрышев марапатталды.
Ал үшінші дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені «Екібастұз жылу желілері» серіктестігінің жөндеу-құрылыс учаскесінің бастығы Нұржан Әлиақбаровқа, «Павлодарэнерго» АҚ №2 жылу электр орталығының қазандық цехы ауысымының бастығы Сергей Михайловқа және «Павлодар электржелістік тарату компаниясы» АҚ электрмонтері Мақсұт Төтеновке берілді.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен де бірқатар азамат марапатталды. Олардың қатарында «Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Шығыс өңірі бойынша филиалы Павлодар облыстық департаментінің директоры Марат Айтуаров, еңбек ардагерлері Болат Аманжолов пен Байкен Ильяшев, «Богатырь Көмір» серіктестігінің мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі директоры Дәурен Асылханов, «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ станциясының ауысым бастығы Ермек Біләлов, Торайғыров университетінің биология және экология кафедрасының меңгерушісі Айнагүл Қалиева, Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының басшысы Амангелді Қожанов және өзге де еңбек адамдары бар.
Сондай-ақ марапат иелерінің қатарында ауыл шаруашылығы, энергетика, білім, мәдениет және өндіріс салаларының өкілдері болды. Олардың арасында «Заря» шаруа қожалығының жетекшісі Сергей Белявский, «Ақсу ферроқорытпа зауыты» АҚ директоры Мұсабек Мақашев, Песчан орманшылығының орман шебері Алма Мұстафина, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» акционерлік қоғамының қазан-турбиналық цехының бастығы Ерболат Садықов, Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының директоры Арман Темірбек және басқа да азаматтар бар.
Салтанатты рәсімде облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары да табысталды. Марапатталғандардың бірі – Ақсу қаласының Құрметті азаматы, 45 жылын ұстаздық қызметке арнаған Рымкеш Сләмбекова.
Ол 30 жыл мектеп директоры болып қызмет еткен аралықта қазақ тілінде білім беретін үш мектептің ашылуына атсалысқан. Ардагер ұстаздың айтуынша, 1990 жылдары қазақ мектептерін ашу оңай болмағанымен, бүгінде сол еңбектің жемісі айқын көрінуде.

– Мұндай құрмет мен үшін тосын болды. Президентімізден алған марапат бізді үлкен жауапкершілікке жетелейді, – деді Рымкеш Сләмбекова.
Айта кетелік, мерекелік шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Бекбол Мырзахан.