Баянауылда маралдардың шағын тобы болуы мүмкін: фототұзақ жаңа деректер берді
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде фотомониторинг барысында төрт марал тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл дерек жануарлардың өңірде кездесетінін растайды. Алайда олардың осы аумақта тұрақты мекендейтін популяция қалыптастырғаны әзірге белгісіз.
Зерттеу Торайғыров университетінің PhD докторы Зарина Серғазинованың жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан AP25795423 «Қазақстанның солтүстік-шығысындағы аңшылық-кәсіпшілік сүтқоректілер түрлерінің таралуы мен қорын геоақпараттық модельдеу және картографиялау» ғылыми жобасы аясында жүргізілді.
Марал (Cervus elaphus) Баянауыл аумағында алғаш рет 2025 жылы тіркелген. Бұл туралы өңірдің туризмін белсенді насихаттап жүрген жергілікті тұрғын Есен Жүсіпбаев әлеуметтік желіде жариялаған болатын. Ал осы мәліметтің арқасында 2026 жылы мамандар маралдар байқалған аумақта фототұзақ орнатып, бақылауды жалғастырды.
Нәтижесінде бір ересек аталық, бір жас аталық және екі аналық марал бір кадрға түсті.

– Бір жылдан кейін маралдардың қайта тіркелуі және әртүрлі жыныстағы бірнеше дараның бір жерде кездесуі олардың Баянауылдың таулы-орманды алқабында қайталама түрде пайда болатынын көрсетеді. Дегенмен бұл деректер олардың осында тұрақты мекендеп, көбейіп жатқанын дәлелдеуге жеткіліксіз. Олар басқа аумақтардан қоныс аударып келуі де мүмкін, – дейді Зарина Серғазинова.
Ғалымның айтуынша, маралдардың Баянауылда тұрақты мекендейтінін анықтау үшін бірнеше жыл бойы жүйелі бақылау жүргізу қажет. Әсіресе, төлдерінің тіркелуі олардың осы аумақта көбейетінін көрсететін маңызды белгі болмақ. Сонымен қатар, жануарлардың саны мен таралу аумағындағы өзгерістерді бақылау олардың жергілікті ортаға бейімделуін бағалауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін маралдар Павлодар облысының өзге аумақтарында да тіркелген. Мәселен, өткен жылы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында екі аталық марал байқалған.
Еске сала кетейік, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жүргізілген фотомониторинг кезінде зерттеушілер құнуды (Gulo gulo) анықтады. Бұл жануар Павлодар облысының қазіргі фаунасына тән түрлердің қатарына жатпайды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram