Павлодар облысында қарашада ауа температурасы +12 градусқа дейін көтеріледі

Павлодар облысында қарашада ауа температурасы +12 градусқа дейін көтеріледі
Фото: Константин Шелков

Орташа температура нормадан екі градусқа жоғары болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Синоптиктердің мәліметінше, қараша айындағы ауа температурасының нормасы -4,9…-6,8 градус аралығында.

Айдың басында түнде ауа температурасы -3…+7 градус, күндіз +2…+12 градус болады деп болжанып отыр.

Одан кейін ауа температурасы құбылады. Түнде -3…-8 градусқа дейін төмендейді, облыстың солтүстігінде -11 градус аяз болады. Күндіз 0…-5 градус күтіледі.

Айдың алғашқы онкүндігінің соңында ауа температурасы қайта көтеріліп, түнде -3…+2 градус, күндіз +2…+7 градус болады. Кейін күн суытып, түнде -3…-13 градус, күндіз +2…-7 градус аяз болады деп болжануда. Одан соң температура тағы құбылып, түнде -1…-10 градус, күндіз +1…-6 градус болады.

Қараша айының соңында ауа температурасы біртіндеп төмендейді. Түнде -1…-15 градус, күндіз +1…-10 градус аяз күтіледі.

Синоптиктердің болжамынша, айлық жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады. Норма – 16–23 миллиметр.

Айдың басында жаңбыр жауып, ортасы мен соңында қар жауып, боран соғуы мүмкін. Көктайғақ болуы ықтимал. Желдің жылдамдығы жиі секундына 15–20 метрге жетеді.