Павлодарда учаскелік полиция қызметінің рөлі мен цифрлық қауіпсіздік мәселелері талқыланды

Павлодарда учаскелік полиция қызметінің рөлі мен цифрлық қауіпсіздік мәселелері талқыланды
Фото: Константин Шелков

Өңірде құқық қорғау жүйесі мен цифрлық қауіпсіздік шаралары жүйелі түрде дамып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Павлодар облысына іссапарпен келді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев учаскелік инспекторлармен арнайы кездесулер өткізуді тапсырған. Бұл бастама Павлодар облысынан бастау алды.

– Павлодар өңірі – қарқынды дамып келе жатқан аймақ. Соңғы үш жылда 58,4 миллиард теңге инвестиция тартылып, жыл сайынғы өсім 15 пайызды құрап отыр. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы халықтың тұрмыс деңгейіне де оң әсерін тигізуде, – деді ол.

Оның айтуынша, Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі өзекті мәселелер және оларды цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының негізгі бағыты – экономиканы, мемлекеттік басқаруды және әлеуметтік саланы цифрландыру арқылы елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін арттыру.

– Мемлекет басшысы алдағы үш жылда Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде нақты міндет қойды. Цифрлық трансформация – мақсат емес, ол халықтың әл-ауқатын арттырудың, өмір сапасын жақсартудың және елдің бәсекеге қабілеттілігін күшейтудің құралы, – деді Мәлік Отарбаев.

Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова өңірдегі құқық қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Президент өз жолдауында құқық қорғау жүйесінің халықтың сенімін арттырудағы рөлін ерекше атап өтті. Осы бағытта біздің өңірде де бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Аудандық және ауылдық учаскелердегі тұрақты жұмыс пен тәжірибелі учаскелік инспекторлардың үздіксіз қызметі тұрғындардың сенімін арттырып, қоғамдық тәртіпті нығайтуға ықпал етті, – деді ол.

Ауылдарда қоғамдық орындарда мас күйінде жүру, тұрмыстық жанжалдар мен ұсақ бұзақылық сияқты құқық бұзушылықтар азайған. Заңсыз алкоголь саудасына қарсы қабылданған шаралардың арқасында тіркелмеген сату және қоғамдық орындарда ішімдік ішу деректері төмендеген.

Инспекторлар әлеуметтік және психологиялық қызметкерлермен бірлесіп отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етіп, зардап шеккен тараптарға көмек көрсетуде. Сонымен қатар мектептерде балалар мен жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында профилактикалық кездесулер тұрақты түрде өткізіледі.

Павлодар облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Болат Нұрсейітов құқық қорғау саласындағы нәтижелермен бөлісті.

– Құқық қорғау органдарына деген халықтың сенімі – учаскелік инспекторлардың кәсіби жұмысына тікелей байланысты. Әр азамат өзін қауіпсіз сезінуі тиіс. Заң мен тәртіп – біздің мемлекетіміздің берік тірегі, – деді ол.

2025 жылдың тоғыз айында өңірде тіркелген қылмыстардың жалпы саны 1,4 пайызға төмендеген. Ауыр және аса ауыр қылмыстар 49 пайызға, бөтен мүлікті ұрлау – 27 пайызға, тонау – 35 пайызға, бұзақылық 21,4 пайызға азайды.

Қазір облыста 336 учаскелік инспектор қызмет етеді. Олар 20 мыңнан астам профилактикалық рейд жүргізіп, 11 мыңнан аса азаматтық өтінішті қараған. 50 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 3,5 мыңнан астам тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі ерте кезеңде анықталған.

Құқықтық тәртіпті нығайтумен қатар, өңірде цифрлық қауіпсіздік жүйелері де енгізілуде. «Қауіпсіз қала» жобасы аясында Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында бес мың бейнебақылау камерасы және 420 аппараттық-бағдарламалық кешен орнату жоспарланған.

Жүйелер жасанды интеллект пен видеоаналитика құралдарымен жабдықталады. Олар іздеудегі адамдарды анықтау, күдікті заттарды немесе рұқсатсыз жиналған топтарды табу және аумақтың ластану фактілерін тіркеу сияқты функцияларды орындайды.

Павлодар облысында құқық қорғау жүйесін жетілдіру, қоғаммен ашық байланыс орнату және цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар оң нәтижесін беруде. Қылмыстың азаюы мен халықтың сенімінің артуы – осы кешенді шаралардың нақты көрсеткіші.