Павлодар еріктілер қозғалысы бойынша үздік үштікке енді
Қазақстанда волонтерлік қызметке деген қызығушылық артып, игі істермен айналысатын азаматтардың қатары 300 мыңнан асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметі бойынша, 2025 жылы елімізде волонтерлік қозғалыс жаңа серпін алды. Ұлттық волонтерлік желі жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижелері қоғамда осы салаға деген оң көзқарастың қалыптасқанын растап отыр. Зерттеуге Қазақстанның барлық өңірінен 11 мыңнан астам адам қатысып, азаматтық сектор мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысқа талдау жасалды.
Зерттеу қорытындысы бойынша волонтерлік белсенділігі жоғары өңірлер анықталды. Бұл тізімде Ақтөбе облысы 99% көрсеткішпен көш бастап тұр. Екінші орынға 97,3% нәтижемен Қостанай облысы жайғасса, үздік үштікті 96,3% көрсеткішпен Павлодар облысы түйіндеді.
Бүгінде елімізде волонтерлер саны 300 мыңнан асып, жүзеге асырылып жатқан жобалар саны бес есеге артты. Халықтың 89%-ы волонтерлік қызмет туралы хабардар болса, әрбір үшінші азамат түрлі бастамаларға белсенді қатысады. Әлеуметтік, экологиялық және іс-шаралық волонтерлік – ең көп сұранысқа ие бағыттар болып табылады.