Павлодарда бірнеше металл қабылдау пункт иелері жазаланды
150-ге жуық пункт тексерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақта ұрланған металды өткізу орындарын тексеруге, металл ұрлығын, асыл тастардың, түсті және қара металдардың, олардың сынықтары мен қалдықтарының заңсыз айналымымен айналысатын адамдарды анықтап, ұстауға бағытталған «Металл» жедел алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылды. Тексеру барысында пункт иелерімен профилактикалық әңгімелер жүргізілді.
– Ұрланған металды тапсырумен айналысатын адамдарды анықтаған жағдайда дереу 102 нөміріне қоңырау шалу қажет. Сондай-ақ қылмыстық жолмен көрінеу өндірілген мүлікті сатып алу немесе өткізу үшін қылмыстық жауапкершілік туралы ескертеміз, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.
Абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін бірнеше пункт иелері жазаланды. Себебі барлық металл сынықтары шашылып, өтіп бара жатқан адамдар мен тұрғындарға қолайсыздық туғызды. Ал Тереңкөл ауданының тұрғынын жауапкершілікке тарту мақсатында мемлекеттік кірістер бөліміне тиісті тіркеусіз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін материал толтырылып жіберілді.
Бұдан бөлек, қосалқы бөлшектерді, металл құбыры мен кабель ұрлады деген күдікпен үш тұрғын анықталды. Қазіргі таңда әрбір факті бойынша тексерулер жүргізілуде.
Айта кетейік, тәртіп сақшылары заңсыз әрекеттің куәгері болған жағдайда полиция басқармасы 102 телефоны арқылы дереу хабарлау немесе «Police 102» мобильді қосымшасын пайдалану қажет екенін еске салады.