Павлодарда жараланған елік құтқарылды
Жабайы жануардың артқы аяқтарынан жарақаттанғаны белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме басшысы Аждар Жүсіповтің айтуынша, қала тұрғыны таңғы жүгіру кезінде Усолка өзені арқылы өтетін көпір маңынан жарақаттанып қалған жануарды байқап, 109 қызметіне хабарласқан.
- Мамандар жеткенше, жабайы жануар сол маңда серуендеп жүрген зейнеткерлердің бақылауында болған. Олар орманшыларды күтіп алып, жануарды құтқарушыларға тапсырды. Орманшылар оны қарап шығып, артқы аяқтары жарақаттанғанын анықтады. Болжам бойынша қаңғыбас иттердің немесе өзге де жануарлардың шабуылына ұшыраған болуы мүмкін, - дейді Аждар Жүсіпов.
Қазір елік Павлодар ауылындағы белсенді демалыс орталығына жеткізілді. Онда ветеринар дәрігер тексеріп, қажетті ем-дом тағайындауда.