Халықаралық додаларда үздік атанған павлодарлық жас робототехник марапатталды

Халықаралық додаларда үздік атанған павлодарлық жас робототехник марапатталды
Фото: Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен

Ол — Римде өтетін әлемдік финалда ел намысын қорғайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Талантты жасты Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков қабылдады.

— Бүгін облыс әкімі Асайын Байхановтың атынан халықаралық деңгейде Павлодар облысы мен Қазақстанның абыройын асқақтатып жүрген дарынды жерлесіміз – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің оқушысы Жанәлі Бағдатпен кездестім. Өңірімізде талантты жастарды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Білім алуға, халықаралық жарыстарға қатысуға және дарынды балалардың әлеуетін ашуға барлық қажетті жағдай жасалып келеді, – деді шаһар басшысы. 

Айта кетелік, Жанәлі «Atlantis» командасының құрамында робототехника бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Ол АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен FIRST әлем чемпионатының жеңімпазы атанды, Almaty Tech Cup 2025 турнирінде Орталық Азияның абсолютті чемпионы болды. Сондай-ақ Түркияда өткен Fibonacci Eurasia Robot Olympiad халықаралық олимпиадасында күміс жүлдеге ие болып, Рим қаласында өтетін әлемдік финалға жолдама жеңіп алған.

— Түркияда өткен Fibonacci Eurasia Robot Olympiaс –ына Азия елдерінен өте көп команда қатысты. Біз сол жерде тақырып бойынша робот құрастырып, оны ағылшын тілінде қорғадық, – дейді Жанәлі Бағдат. 

Жас робототехниктің жетістіктері – табандылықтың, білімге деген құштарлықтың және мақсатқа ұмтылыстың жарқын көрінісі екені сөзсіз.

Хасар Хабылбеков талантты оқушыға зор денсаулық, шығармашылық шабыт және жаңа белестер мен толайым жеңістер тілей отырып, оған Алғыс хат пен екі жүз мың теңгенің сертификатын табыс етті.