Павлодарда жеңіл көлік жүргізушісі жасөспірімдерді қағып кетті

Балалар облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, «Mazda» көлігінің жүргізушісі Сәтбаев-Кривенко көшелерінің қиылысында кәмелетке толмаған балаларды қағып кеткен.
– Жол-көлік оқиғасы салдарынан балалар облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Көлік айып тұрағына қойылды. Қазіргі таңда тексеру жұмыстары жүргізілуде, – деді ведомствода.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, 2008 жылы туған ұл бала травматология бөліміне «ығысуы бар оң жақ иық сүйегінің жабық сынығы» диагнозымен жатқызылды.
2007 жылы туған қыз бала травматология бөліміне жабық ми жарақаты, мидың шайқалуы, сол жақ жамбас буынының зақымдануы диагноздарымен жатқызылды.