Павлодар облысында егде жастағы ер адам мас күйінде мотоцикл басқарған

Өңірде «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Осыған байланысты полицейлер жолаушылар тасымалын бақылауды күшейтті.
– Пограничник ауылында 63 жастағы ер адам мас күйінде көлік құралын басқарған. Тәртіп сақшылары бұл фактіні тоқтатты. Мотоцикл мамандандырылған айып тұрағына қойылды. Ал ер адам сот арқылы жеті жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылды, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осыған ұқсас құқық бұзушылық Үштерек ауылында тіркелді. Жергілікті тұрғын мотоциклді тиісті жүргізуші куәлігінсіз басқарған. Сонымен қатар, көлік құралы белгіленген тәртіппен тіркелмеген. Аталған факті бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылып, жүргізушіге 30 айлық есептік көрсеткіш (117 960 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, Ақсу өңірінің полицейлері күн сайын жол қозғалысына қатысушылармен, оның ішінде мотоцикл, скутер, мопед және өзге де мототехника иелерімен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, тексеру шараларын қолға алған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Успен ауданында мас күйде мотоцикл басқарған азамат 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған болатын. Ал Павлодар ауданында жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған мопед жүргізушісі жауапкершілікке тартылды.