Павлодарда жиі төбелес болатын орындар аталды
Облыс орталығында «SOS батырмасы» бойынша шақырту көп түсетін орындар анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті ақпарат және байланыс басқармасының бастығы Вячеслав Ипатов мәлім етті.
– 2021 жылдан бастап «SOS батырмасы» шұғыл көмекке шақыру құрылғыларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта үш қаланың қоғамдық орындарында және 10 аудан орталықтарында 38 «SOS» жедел шақыру құрылғысы орнатылған. Ал Павлодар қаласында 20 батырма жұмыс істейді, – дейді Вячеслав Ипатов.
Басқарма басшының айтуынша, 2023 жылы «SOS батырмасы» 27 мәрте қолданылған. Оның көбі Естай атындағы мәдениет сарайының жанында, орталық жағажайда, «Сургут» сауда үйінің жанында тіркелген. Аталмыш шақыртуларда көбіне төбелесу, қоғамдық жерде ішімдік ішу фактілері анықталған. Ал 2024 жылы батырма арқылы тоғыз шақырту жасалған.
Айта кету керек, облыс бойынша 60 мыңан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Ал жол жүру ережелерін бақылайтын 50-ге жуық жүйе бар. Жыл басынан бері бұзушылықтарды анықтау жүйелерімен 71 772 480 теңге сомасына 5 336 ұйғарым тіркелді, оның ішінде 61 миллион теңгеден астам сомаға 5 мыңға жуық ұйғарым орындалды.
Еске сала кетейік, жаңа жылдың алғашқы күнінде Павлов мекенжайындағы «SOS » дабыл батырмасына ұрлық бойынша қоңырау түсті. Алкогольдік ішімдік ішкен әйелден телефон ұрлап әкеткен. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері жергілікті жерді пысықтауды бастады. Көп ұзамай олар ұрлық жасады деген күдіктіні ұстады.