Халық Павлодар облысына Түркіменстаннан пилоттық жобамен көше бастады
Этникалық қазақтарға елге кірер алдында «қандас» мәртебесі берілмек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарманың басшысы Альмира Дисюпова айтты.
– Қазірде пилоттық жобаны іске асыру мақсатында Түркіменстанда тұратын этникалық қазақтардан Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесі арқылы 1 937 өтініш қабылданды,– деді Альмира Дисюпова. – Жыл басынан бері өңірге Моңғолия, Қытай және Түркіменстан елінен азаматтар көшіп келген.
Оның сөзінше, бүгінде қандастарды қабылдаудың жаңа тетіктерін енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. ҚР СІМ шет елдердегі мекемелері арқылы «Бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін алуға шетелде тұратын этникалық қазақтардың өтінішін қарау арқылы жүзеге асырылады.
– Бұл қағида Түркіменстаннан көшкісі келетін этникалық қазақтар үшін пилоттық режимде қолданылады, сондай-ақ Моңғолия азаматтары үшін осы қағиданы енгізу жоспарлануда. Этникалық қазақтарға елге кірер алдында «қандас» мәртебесін беру туралы алдын ала шешім беріледі,– дейді ол.
Басқарма басшысының сөзінше, азаматтар Қазастанға келгеннен бері автоматты түрде қандас мәртебесін алады.
– Мемлекетке кіргеннен бастап 6 айдың ішінде Қазақстан азаматтығын ала алады. Десе де, бүгінгі күні қандас азаматтары елге келгеннен бері сол күннен бастап, азаматтыққа құжат тапсырады. Азаматтығын олар кемінде 3 ай ішінде алмақ. Ал Қытай елінен келген этникалық қазақтар үшін 6 ай ішінде азаматтық беріледі,– дейді Альмира Дисюпова.
Спикердің айтуынша, болашақта жаңа тұжырымдама бойынша бірінші санатқа үкіметпен бекітілген облыстарға баратын қандастарға материалдық көмек берілетін болады.
– Материалдық көмек отбасының әрбір мүшесіне беріледі. Ол 80 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Сонымен қатар, көші-қон мобильді сертификатын алғанға дейін үйлерді жалға алу бойынша материалдық көмек көрсетіледі. Ал тұрғын үй сертификатының мөлшері бүгінгі күнде 4 миллионға дейін, – деді Альмира Дисюпова.
Бұл сертификат негізінде тұрғын үй сатып алуға, «Отбасы банкке» бірінші жәрдемақы ретінде енгізуге болады.
Фото: Константин Шелков