Павлодарда балалар үйінің түлегіне пәтерді жекешелендіруге жол ашылды
Павлодар облысының №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты тұрғын үйді жекешелендіру туралы талап қоюды қанағаттандырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс материалдарына сәйкес, 2013 жылы «О» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тұрғын үй комиссиясының шешімімен «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысушы азамат Ш.-ға қызметтік тұрғын үй жалға берілген.
2025 жылы аталған тұрғын үй мекеменің балансына берілгеннен кейін азамат Ш. оны жекешелендіру мәселесі бойынша «Б» мемлекеттік мекемесіне жүгінген. Алайда тұрғын үй комиссиясы әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелеріне сілтеме жасап, мүлікті жекешелендіруден бас тарту туралы шешім қабылдаған.
Бұл шешіммен келіспеген азамат Ш. сотқа талап қою арызын берген.
Сот отырысы барысында мемлекеттік органның өкілі талап қоюшының құқықтық негіздерін ескере отырып, талапты мойындаған. Сот анықтағандай, азамат Ш. – балалар үйінің тәрбиеленушісі, сондай-ақ оның меншік құқығында тіркелген тұрғын үйі жоқ, яғни тұрғын үйге мұқтаж тұлға болып табылады.
Осы мән-жайларды ескере отырып, сот тұрғын үй комиссиясының пәтерді жекешелендіруден бас тарту туралы шешімін заңсыз деп танып, күшін жойды. Сонымен қатар, мемлекеттік органға соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, тұрғын үй комиссиясының отырысында тұрғын үйді жекешелендіру мәселесін қайта қарау міндеттелді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.