Екі алтыннан Президент медаліне дейін: Ертіс тумасы ел мерейін үстем етті

Екі алтыннан Президент медаліне дейін: Ертіс тумасы ел мерейін үстем етті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ерасыл Ауталипов Көшпенділер ойындарында тоғызқұмалақтан жеке және командалық есепте жеңіске жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

11 қыркүйекте Тәуелсіздік сарайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен жаттықтырушыларды құттықтап, үздіктерді марапаттады.

Мемлекет басшысының қолынан награда алғандардың арасында Ертіс ауданының тумасы Ерасыл Ауталипов та бар. 21 жастағы спортшы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ерасыл VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тоғызқұмалақтан екі алтын жүлде жеңіп алды. Ол жеке және командалық сында бірінші орын иеленді.

Жас спортшы тоғызқұмалақпен мектеп кезінен айналысады. Бұл спорт түріне он жылын арнаған.

– Мен үшін бұл – өте үлкен жетістік. Мұндай марапат болады деп ойламадым, – деді Ерасыл Ауталипов.

Қазір ол спорттық мансабын туған жері – Ертіс ауылында жалғастыруды жоспарлап отыр.

Президент наградасына Павлодар облысының тағы екі өкілі ие болды. Павлодарлық кәсіпкерлер Бақтияр Байзақов пен Жасыбай Нығманов «Құрмет» орденімен марапатталды. Бақтияр Байзақовтың «Береу Рейсер» тұлпары Көшпенділер ойындарында 3200 метрге тегіс бәйгеде бірінші келді. Оны Асланбек Байкенов тізгіндеді. Жасыбай Нығмановтың «Айман» тұлпары 25 шақырымдық аламан бәйгеде жеңіске жетті. Жокей Нұрасыл Бекбатыр мәреге бірінші келді.

Өңірдің басқа өкілдері де Көшпенділер ойындарынан жүлдемен оралды. Баянауыл ауданы Егіндібұлақ ауылының тумасы Қуаныш Қабылда ордо бойынша командалық есепте қола жүлдегер атанды. Жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшылары Ернұр Мерешев пен Ардақ Қанапашев овари бойынша командалық есепте үшінші орын иеленді.

Ат спортында Асылжан Төлеген тізгіндеген «Көк Серек» 25 шақырымдық аламан бәйгеде екінші орын алды. Тұлпардың иесі – павлодарлық Иемберген Қуантаев. Ал 3200 метрге тегіс бәйгеде Диас Жеңіс қола жүлдеге ие болды.