Павлодарда қарыздан құтылу үшін сотқа жүгінетіндердің саны екі есе артқан

Павлодарда қарыздан құтылу үшін сотқа жүгінетіндердің саны екі есе артқан
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Көбіне тұрғындар банкроттық рәсімін қолдану және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру бойынша арызданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, осы жылдың тоғыз айында банкроттық жариялау және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру бойынша 270 іс түскен. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 113 болған. Алайда, мамандардың айтуынша, келіп түскен мәселенің барлығы бірдей қанағаттандырыла бермейді.

– Соттан тыс банкроттыққа өтініш беру үшін қарыз көлемі 1600 АЕК-тен аспауы керек. Сонымен қатар, қарыз бір жыл бойы өтелмеген және азаматтың тіркелген мүлкі болмауы тиіс. Борышкер  тарапынан соңғы үш жыл ішінде жылжымалы және жылжымайтын мүлкін сату, сыйға тарту немесе басқа тұлғаның атына аудару жағдайлары анықталса, банкроттыққа өтінімі қабылданбайды, – деді Павлодар қаласы бойынша азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Айгүл Хамитова.

Ал төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге қатысты биыл 211 талап түскен. Оның 42-сі қанағаттандырылып, 16-сы бойынша талаптарды қанағаттандырудан бас тартылған. Сонымен қатар, бір іс материалы тоқтатылып, 29 -ы қараусыз қалдырылған. Бұл ретте, құзырлы орган өкілдері өз сөдерін нақты мысалдармен түсіндірді.

– Мысалы, өткен жылы сотта бір азаматтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы өтініші қанағаттандырылды.Павлодар тұрғыны жұмыс істеген, алимент төлеу міндеттемесі болған. Сонымен қатар, мүлкіне бағалау жүргізіліп, қаржы басқарушысы тартылған. Банктердің бірі сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіргенімен, екінші сатыдағы сот алғашқы шешімді өзгеріссіз қалдырды, –деді судья. 

Мемлекеттік тілде іс жүргізу бағытында да жұмыс жалғасуда. Тоғыз айда қазақ тілінде 860 азаматтық іс аяқталған. Бұдан бөлек, заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында сот 45 жеке ұйғарым шығарған. Жалпы, биылғы жылдың тоғыз айында сотқа 10 304 талап-арыз бен өтініш түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1814-ке немесе 17,6 пайызға көп.

Бекбол Мырзахан.