Павлодарлық музей қызметкері Ертіс бойында табылған қола қанжарлардың тарихын айтты
Бұл жәдігер Әлкей Марғұланның экспедициясы барысында табылған, деп хабарлайды @Pavlodanews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде тас, қола және темір дәуірлеріне тән бірқатар бірегей археологиялық бұйымдар сақтаулы. Солардың ішінде ерекше назар аударатын жәдігерлердің бірі – Ертіс өзені бойынан табылған қола қанжарлар.
Музей қызметкері Жеңісбек Қадырұлының айтуынша, бұл қарулар Еуразия даласынан табылған көненің көзі болып табылады.
– Олардың көпшілігі біздің дәуірімізге дейінгі XI–IX ғасырларға жатады. Металл өңдеу ісі дәл сол кезеңде жанданып, қару-жарақ жасаудың жаңа технологиялары пайда болған. Ертіс бойынан, сондай-ақ Жетісу мен Сырдария өңірлерінен табылған қола қанжарлар соның айғағы, – деді ол.
Қалайы мен мыстан құйылған қола қанжарлар ежелгі адамдардың өмірінде маңызды рөл атқарған. Олар жаугершілік дәуірінде қорғану құралы ғана емес, аңшылықта және тұрмыста да қолданылған. Табылған қанжарлардың ұзындығы мен пішіні әртүрлі, бұл олардың иесінің әлеуметтік мәртебесіне, тұрмыс-тіршілігіне байланысты болғанын көрсетеді.
Жеңісбек Қадырұлының сөзінше, кейбір қанжарлардың сабы мен жүзі әшекеймен безендіріліп, қынына жануарлар бейнесі мен геометриялық өрнектер салынған. Қос жүзді, үшкір ұшты мұндай қарулар иесінің мәртебесін білдіріп қана қоймай, белгілі бір мәдениет өкілдеріне тән ритуалдық мәнге де ие болған. Зерттеушілер бұл заттарды тұрмыстық бұйымнан бөлек, наным-сенім символы ретінде де қарастырады.
Музей қорындағы қола қанжарлар ХХ ғасырдың ортасында белгілі ғалым Әлкей Марғұланның экспедициясы барысында табылған жәдігерлердің бірі. 1946-1974 жылдары жүргізілген экспедициялар нәтижесінде ғалым Беғазы-Дәндібай мәдениетін зерттеп, Бесоба, Еркебұлақ қорғандары мен ежелгі жерлеу орындарын анықтаған. Қазіргі экспозициядағы қанжарлар да зерттелген осындай қорғандардың бірінен табылған.
Ертіс өңірінен алынған бұл жәдігерлер бүгінгі күні өңір тарихының терең тамырын айқындайтын құнды мұра ретінде музей келушілеріне таныстырылып отыр.