Павлодарда үй кезегінен шығып қалған тұрғын сот арқылы құқығын қорғады
2022 жылы әкімдікке жүгінген кезде талапкердің электрондық кезекке қойылмағаны анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы МАҚС баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар қаласының тұрғыны 2016 жылдан бастап «толық емес отбасы» санаты бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте тұрған. Былтыр ол әкімдікке жүгінген кезде kezekte.kz сайтында электрондық кезекке қойылмағаны анықталған. Әкімдік сот актісі қажет екенін айтып, талапкерге бұрынғы кезектілігін қалпына келтіруден бас тартқан. Осыған байланысты оған сотқа жүгіну ұсынылған.
– Сотта талапкердің 2016 жылдан бастап коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алу кезегіне тұрағандығы расталды. Соттың белсенді рөлі қағидатына сәйкес тараптармен медиация рәсімі жүргізілді. Істі сотта қарау мерзімдері мен шешімнің заңды күшіне ену мерзімдерін ескере отырып, сот тараптарға дауды бейбітшілікпен аяқтауды ұсынды. Нәтижесінде тараптар өзара келісімге келді, – деп жазылған хабарламада.
Талапкер кезегін қалпына келтіру үшін барлық қажетті құжаттарды ұсынуға, жергілікті атқарушы орган кезекте тұрғандардың электрондық дерекқорына түзету енгізу және талапкерді бұрынғы кезектілікте қалпына келтіру үшін қажетті шараларды қабылдауға міндеттелді.
Сот актісі заңды күшіне енді және уақтылы орындалды.
Медиация тәртібімен талапкердің тұрғын үй құқығы қысқа мерзімде қалпына келтірілді.