Павлодар облысында жасөспірімдер арасындағы вейппен күрес күшейтілді

Павлодар облысында жасөспірімдер арасындағы вейппен күрес күшейтілді
Фото: жасанды интеллект

Электронды темекілер жастар арасында жылдам таралып барады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Осыдан бірнеше жыл бұрын вейптер сәнді аксессуар әрі кәдімгі темекіге «қауіпсіз балама» ретінде қабылданды. Жарқын дизайн, тәтті жеміс дәмдері мен әлеуметтік желілердегі белсенді жарнама электронды темекілерді жастар арасында кеңінен танымал етті. Әсіресе вейпинг жасөспірімдер мен студенттер арасында тез таралды.

Бүгінде электронды темекілерге деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Дәрігерлер жастар арасында тыныс алу жүйесі ауруларының көбейгенін айтып дабыл қағуда. Ал полиция өкілдері кәмелетке толмағандарға электронды темекіні сату деректерін анықтап жатыр. Осыған байланысты мемлекет олардың айналымына қатысты жауапкершілікті күшейтті.

Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығының психиатр-наркологы Әсем Қабдышеваның айтуынша, вейптердің басты қаупі – жасөспірімдердің оларды зиянсыз деп қабылдауында.

– Көптеген жасөспірімдер вейпті темекіден қауіпсіз деп ойлайды, себебі онда темекі түтінінің иісі жоқ. Алайда бұл – қате түсінік. Ағза бәрібір улы заттар мен никотинді қабылдайды. Ал никотин тәуелділік  тудырып, ми, жүрек пен қан тамырларының жұмысына кері әсер етеді, – деді маман.

Дәрігердің сөзінше, вейп сұйықтықтарының құрамында пропиленгликоль, глицерин, түрлі хош иістендіргіштер мен никотин бар. Қыздырылған кезде олардың бір бөлігі формальдегид, акролеин және ацетальдегид секілді улы қосылыстарға айналады. Бұл заттар тыныс жолдарын тітіркендіріп, ағза жасушаларын зақымдап, созылмалы қабыну процестерін тудыруы мүмкін.

Маман әсіресе вейптердің жасөспірімдер үшін аса қауіпті екенін атап өтті. Бұл кезеңде ми, жүрек-қан тамырлары және гормондық жүйе белсенді дамиды.

– Никотин нейрондық байланыстардың қалыптасуын бұзады, есте сақтау қабілетін, зейінді және оқу үлгерімін төмендетеді. Сонымен қатар, жасөспірімдерде тәуелділік әлдеқайда тез қалыптасады және одан арылу қиын болады, – деп пайымдады Әсем Қабдышева.

Ең алдымен өкпе мен бронхтар зардап шегеді. Жасөспірімдерде созылмалы жөтел, ентігу, ауа жетіспеу сезімі және физикалық белсенділіктің төмендеуі байқалады. Дәрігерлер жастар арасында тыныс алу жүйесінің қабыну аурулары, ауыр бронхит пен тұншығу ұстамалары жиілегенін алға тартты.

– Жасөспірім ағзасы никотин мен улы заттардың әсеріне өте осал келеді. Вейпті қысқа уақыт қолданудың өзі тыныс алу және жүйке жүйесінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Ал бұл жаста тәуелділік ересектерге қарағанда әлдеқайда жылдам қалыптасады, – деп түсіндірді ақ желеңді.

Сонымен қатар, никотин қан тамырларын тарылтып, қан қысымын көтереді және жүрекке түсетін жүктемені арттырады. Вейпті тұрақты қолданған жағдайда бас ауруы, ашушаңдық, ұйқының бұзылуы, мазасыздық пен көңіл күйдің күрт өзгеруі байқалуы мүмкін.

Медицина мамандары ерекше қауіп хош иістендірілген сұйықтықтарда екенін айтады. Тәтті және жеміс дәмдері олардың зиянсыз екені туралы жалған әсер қалыптастырып, жасөспірімдердің алғаш рет вейп қолдануына себеп болады.

– Жасөспірімдердің көбі вейпті дәл осы дәмдеуіштер мен сәнге еліктеу арқылы қолдана бастайды. Алайда жағымды иістің артында қыздырылған кезде улы заттарға айналатын химиялық қосылыстар жатыр. Олар өкпе тіндерін зақымдауы мүмкін, – деді психиатр-нарколог. 

Жасөспірімдер арасында вейптің кең таралуына байланысты құқық қорғау органдарының жұмысы да күшейтілді. Полицейлер электронды темекілерді заңсыз сату фактілерін, оның ішінде дүкендер мен әлеуметтік желілер арқылы тарату жағдайларын тұрақты түрде анықтап жатыр.

Әсіресе кәмелетке толмағандарға өнім сату жағдайларына ерекше назар аударылады. Тексерулер сауда орындарында, павильондарда және жастар көп жиналатын орындарда өтуде.

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, вейптер мен оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, әкелуге және өндіруге тыйым салынғаннан кейін рейдтер мен профилактикалық шаралар саны артқан. Бұдан бөлек, ата-аналармен және білім беру ұйымдарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

– Бүгінгі басты міндет – тек заң бұзушыларды анықтау ғана емес, жасөспірімдер арасында профилактика жүргізу. Көпшілігі вейптің нақты зардаптарын түсіне бермейді, – дейді құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

Өткен жылы «Заң мен тәртіп» акциясы аясында Павлодарда 17 мыңнан астам вейп пен электронды темекіге арналған үш жарым мыңға жуық сұйықтық құтысы жойылды.

Осы ретте Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті тұрғындарға шетелден электронды темекі әкелуге тыйым салынғанын ескертті. Мамандардың айтуынша, заңнамада өнімді қандай мақсатта және қандай көлемде әкелуге болатыны нақты көрсетілмеген. Тіпті жеке пайдалану үшін бір ғана вейп әкелудің өзі қылмыстық іс қозғауға себеп болуы мүмкін.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, өткен жылдың басынан бері Ертіс-Баян өңірінде жалпы құны 1,5 миллиард теңгеден асатын шамамен 150 мың вейп пен темекі қоспасы жойылған. Қара нарықтағы бір электронды темекінің бағасы бүгінде бес мыңнан 20 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл мұндай өнімдердің жасөспірімдер мен жастар үшін қолжетімді болуына әсер етуде.

Соңғы жылдары Қазақстан электронды темекілерге қатысты заңнаманы едәуір күшейтті. Енді тек сатуға және әкелуге ғана емес, вейптерді өндіруге, таратуға, сондай-ақ оларға арналған сұйықтықтар мен хош иістендіргіштерге де тыйым салынған.

Мұндай шара дәрігерлер мен қоғам белсенділерінің жасөспірімдер арасындағы никотинге тәуелділіктің артуына алаңдауынан кейін қабылданды.

Қазір электронды темекілердің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мемлекет әсіресе кәмелетке толмағандарды қорғауға және интернет пен әлеуметтік желілер арқылы таралатын өнімдермен күреске ерекше назар аударып отыр.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастар арасында вейптердің таралуымен күресу қажеттігін бірнеше рет айтқан. 2023 жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы электронды темекілерді ұлт денсаулығына төнген қауіп деп атады.

– Ұлт денсаулығына қауіп төндіріп отырған тағы бір кесел – вейптер мен түрлі электронды темекілер. Өкінішке қарай, олар жасөспірімдер арасында сәнге айналып барады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, жастарды өнімнің қолжетімділігі мен оның зиянсыз екені туралы агрессивті жарнама қызықтырады.

– Шын мәнінде жастар өз денсаулығына үлкен қауіп төндіруде. Вейптердің өзі зиян, ал одан есірткіге дейін бір-ақ қадам, – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетелік, Қазақстанда электронды темекілерді сатуға, таратуға және жарнамалауға тыйым салынған. Заңды бұзғандарға 200 АЕК немесе 865 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделген.

Ал өнімді жарнамалау және ел аумағына заңсыз әкелу үшін де жаза қарастырылған. Бұл үшін 2000 АЕК көлемінде айыппұл немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.