Павлодар облысының әкімі екібастұздықтардың шағымына уақытында жауап беруді тапсырды
Екібастұзда аймақ басшысы Асайын Байхановтың қатысуымен жедел штабтың отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Отырыста аймақ басшысы алдағы жылыту маусымына дайындықты күшейту туралы берген тапсырмасы бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады.
Қала әкімі Аян Бейсекин дайындық 3 бағытта жасалып жатқанын атап өтті.
- Біріншісі – станциядағы қазандықтарды жөндеу. Ол үшін бізге сметалық құжаттар керек. Станция мен ЦАЭК-тің басшылығымен жоғары білікті мамандарды тартып, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жақын арада ол жұмыстарды аяқтау көзделіп отыр. Бұнда 8 қазандықта күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ көмекші жабдықтар да жөнделеді, - деді Аян Бейсекин.
Екіншісі – жылу желілерін қалыпқа келтіру. Қала әкімінің айтуынша, желілерге жобалық-сметалық құжаттар ЦАЭК есебінен дайындалған. Бүгінде мемлекеттік сараптамадан өту үшін тапсырылды. Орталық органдардың қолдауымен сараптамадан тезірек өтеді деген болжам бар.
- Үшіншісі – жылыту маусымында қиындықтар туындаған үйлер. Ол үйлер маусымға дұрыс дайындалмаған. Сондықтан ол көпқабатты үйлерді толыққанды дайындау қажет. Ол бойынша жеке жоспар жасап жатырмыз. Қаланы шағын аудандарға бөліп, мамандарды, қаладағы ірі кәсіпорындарды тартып, аттарына үйлерді бекітіп, қысқыға дайндауды қолға аламыз, - деді Аян Бейсекин.
Қала әкімі тағы бір маңызды мәселе – көктемгі желілердегі сынақ жұмыстарын жүргізу екенін айтты.
- Ол бойынша да құжаттамалар дайындалды. 2 миллиард теңгеге жуық құжаттама жасалды. Жалпы, алда ауқымды жұмыстар күтуде. Қаламыздың құрылыс компанияларымен де келіссөздер жүргіздік, - деді Аян Бейсекин.
Облыс әкімі Асайын Байханов тұрғындардың өтініш, шағымдарына уақытында жауап беру үшін жұмысты күшейтуді тапсырды.
- Халықтан әділетті шағымдар түсуде. Оларға уақытында жауап берілмей, жалған ақпараттар тарауы өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан бұл жерде ақпаратты уақытында беру жұмысын күшейту керек. Аппарат басшыңыз, орынбасарыңыз жұмысты күшейтсін. Қаладағы чаттарға мамандар кіруі керек. Әкімдік тарапынан уақытында жауап беруі тиіс, - деді облыс әкімі.
Қала басшылығының айтуынша, тұрғындардың шағымын қарау кезінде жылу желілерін тазарту керек үйлерді саны артып, 58-ге жеткен. Алғашқыда тізімде 26 көп қабатты үй болған. Бүгінде 25 үйдің желілері тазартылған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram