Павлодарда үйіне кіре алмаған әйел полицияға жүгінді
Ол үйінде бөгде адамдар бар екенін айтқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қала тұрғыны өзінің үйіне кіре алмайтынын, себебі балкон арқылы пәтеріне екі бөгде адам кіргенін айтқан.
– Оқиға орнына келген учаскелік полиция инспекторы әйел адамға алдыңғы есікті ашуға көмектесті, өйткені қала тұрғыны мас күйінде өздігінен аша алмаған. Содан кейін пәтерге кіріп, оның өтініші бойынша барлық бөлмелерді мұқият тексеріп шықты. Бірақ пәтерде ешкім болмады. Кетер алдында учаскелік полиция қызметкері азаматшаның есікті ішінен құлыптағанын тексеріп шықты, – дейді департаментте.
Айта кетерлігі, күн сайын Павлодар қаласында «102» операторының пультіне 300-500-ге жуық қоңырау түседі. Хабарламалар әртүрлі болады және кейде полицияның араласуы қажет болмайтын жағдайлар да кездеседі.