Павлодарда тротуармен жүрген Түркістанның такси жүргізушісі жазаланды
Аталған факті бойынша тексеріс жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде жол жүру ережесін бұзған такси жүргізушісі анықталған.
– Жол ережесін бұзған Павлодар қаласында уақытша тұрып жатқан Түркістан облысының 50 жастағы тумасы болып шықты. Ол 9 ақпанда Естай көшесінде орналасқан 146-шы үйге қарама-қарсы «Лада» маркалы автокөлігімен тротуармен жүріп, жол жүру ережесінің 9.9-тармақшасын бұзды, – деп хабарлады Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Максим Құстанов.
Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБК 596-бабы, 1-бөлімі көлікпен - «жаяу жүргінші жолы, жол жиегі немесе тротуармен жүріп, жол жүру ережесін бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 15 ЕАК мөлшерінде айыппұл салынды.
Айта кетерлігі, биылғы жылдың басынан бері полицейлер ұқсас бұзушылықтар үшін 7 жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартқан.