Павлодарда әзілдемек болған тұрғын сот алдында жауап берді

Павлодарда әзілдемек болған тұрғын сот алдында жауап берді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

59 жастағы ер адам жаңа жыл түні бұрынғы азаматтық жұбайымен жанжалдасып, қоғамдық тәртіпті бұзды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың материалдарына сәйкес, 2024 жылғы 31 желтоқсанда азамат Б. бұрынғы жұбайымен жанжалға түсіп, әзілдеу мақсатында оның кіреберіс есігіне бояу жағып, өрт қойған. Бұл әрекет ұсақ бұзақылық ретінде бағаланды.

– Жәбірленушінің айтуынша, ол азамат Б.-мен бірге тұрған, алайда жанжалдан кейін одан кетіп қалған. Кейін Б. бірнеше рет татуласуға тырысып, хабарласқан. Алайда жағдай өрши түскен соң, әйел полицияға жүгінген. Соның нәтижесінде құқық қорғау органдары ер адамға қорғау нұсқауын шығарған, – деді соттың баспасөз қызметі.

31 желтоқсанда жәбірленуші пәтерінің кіреберіс есігінен бояу іздерін және төменгі жағында өрт қою белгілерін байқаған. Үйдің кіреберісінде орналасқан бейнебақылау камерасы азамат Б.-ның подъездге кірген сәтін жазып алған.

– Сот барысында азамат Б. өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтты. Ол бұрынғы жұбайымен бірге тұрғанын, кейін жанжалдан соң оның кетіп қалғанын түсіндірді. Өз әрекетін әзіл ретінде жасағанын айтып, келтірілген зиянды өтеуге міндеттенді, – делінген хабарламада.

Сот істі қарап, азамат Б.-ны ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оған 78 640 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Қаулы заңды күшіне енді.