Халықаралық байқауда павлодарлық өнерпаздың жұлдызы жанды

Халықаралық байқауда павлодарлық өнерпаздың жұлдызы жанды
Фото: @nis__pavlodar

Әуенді дауыс иегері музыкамен бала шағынан айналысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Астанада ақпан айының 22-23 күндері өткен Халықаралық «StarFall» өнер байқауында қалалық Назарбаев зияткерлік мектебінің химия-биология бағытындағы 10-сынып оқушысы Дәния Усина жоғары деңгейде шығармашылығын паш етіп, бас жүлдеге ие болды. Оның жетекшісі – қосымша білім беру педагогы, «Golden voice» үйірмесінің жетекшісі Гүлназ Омарғалиева. Дәния Усина музыкалық мектепті бітіріп, өнер жолында табыстарға жетіп жатыр. Ол бала кезінен әнге және шығармашылыққа әуестеніп жүр. 

– Бұл менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Мен мектеп және қалалық концерттерде өнер көрсетемін, сондай-ақ, түрлі байқауларға, мәдени іс-шараларға белсенді қатысамын, – деді оқушы. – Мен үшін байқаудағы жеңіс – вокалдық қабілеттерімді көрсетіп қана қоймай, музыкаға деген сүйіспеншілігімнің тереңдігін ашуға мүмкіндік беретін маңызды жетістік болды. Алған тәжірибе мені шығармашылыққа жетелеп, ілгері қарай дамуға және жаңа биіктерге ұмтылуға шабыттандырады.

Айта кетейік, Астанада өткен «Starfall» Халықаралық шығармашылық өнер байқауы бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылды – вокал, хореография, аспаптық орындау, театр шығармашылығы және көркем сөз. Конкурс Қазақстанның, жақын және алыс шетелдердің өңірлерінен әр түрлі жанрдағы және стильдегі орындаушылар, ансамбльдер мен бишілер арасында шығармашылық білім мен тәжірибе алмасу платформасы ретінде өткізілді. Әр бала өзін-өзі көрсету, орындаушылық шеберлігін арттыру мүмкіндігін алды.