Павлодарлық полицей: Самокатшылардың тротуарлармен жүруіне тыйым салынады

Павлодарлық полицей: Самокатшылардың тротуарлармен жүруіне тыйым салынады
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Жаңа ережелер тамыз айында күшіне енеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ағымдағы жылдың 25 тамызынан бастап Қазақстанда жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған заңнамалық өзгерістер қолданысқа енгізіледі. Жаңа талаптар жүргізушілерге, сондай-ақ электрсамокат пен электрвелосипед пайдаланушыларына қатысты болады. 

Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш Мұстафиновтың айтуынша, тамыз айының соңыннан бастап электрсамокаттардың тротуарлармен және жаяу жүргіншілер өткелдері арқылы қозғалуына тыйым салынады.

Олар тек арнайы велосипед жолақтарымен немесе жолдың жүру бөлігінің белгіленген аумақтарымен жүруі тиіс. Жолға шығатын электрсамокат жүргізушісінде жүргізуші куәлігі болуы және қорғаныш дулығасын киюі міндетті. Қараңғы уақытта немесе көріну нашар жағдайда жарық қайтаратын кеудеше қолдану қажет, – деді басқарма бастығының орынбасары.

Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Әзірге тротуармен жүрген электрсамокат иелеріне ескерту беріліп жатыр. Ал жаңа талаптар күшіне енгеннен кейін ережені бұзған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Заңнамада электрвелосипедтерді мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында тіркеу тәртібі де белгіленген. Егер көліктің ең жоғары жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспаса және электрқозғалтқышының қуаты белгіленген мөлшерден төмен болса, оны мемлекеттік тіркеу талап етілмейді.

Тәртіп сақшысы биыл Павлодар облысында электрсамокаттардың қатысуымен үш жол-көлік оқиғасы болғанын атап өтті. Соңғы жағдай Есенәлиева мен Сәтбаев көшелерінің қиылысында тіркелді. Автокөлік жүргізушісі іргелес аумақтан шығар кезде жол қауіпсіздігіне көз жеткізбей, электрсамокат мінген адамды қағып кеткен.

Оқиға салдарынан ауыр зардап шеккендер болған жоқ.

Бұдан бөлек, 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтар әр екі жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтуі қажет.

Медициналық тексеруден өткені туралы ақпарат Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрліктерінің мемлекеттік жүйелері арасында автоматты түрде беріледі. Егер жүргізушінің тексеруден өткені немесе көлік басқаруға медициналық шектеулерінің жоқтығы расталмаса, оның көлік жүргізу құқығы тоқтатылады, – деді Қуаныш Мұстафинов.

Жаңа талаптарға сәйкес, жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет және өрескел бұзған жүргізушілер теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберіледі. Егер азамат дәлелді себепсіз екі ай ішінде емтихан тапсырмаса, көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін.

Сондай-ақ мас күйінде көлік басқарғандарға қатысты жауапкершілік те күшейтіледі. Қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылған жағдайда да жүргізуші сегіз жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылады. Ал куәлігі жоқ азаматтар осы уақыт аралығында жүргізуші куәлігін ала алмайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін полиция электрсамокаттарды пайдалану ережелеріндегі өзгерістер туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын.