Павлодарда «Қауіпсіз жол» рейді үш апатпен аяқталды

Павлодарда «Қауіпсіз жол» рейді үш апатпен аяқталды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Өңірде профилактикалық шара тоғыз күнге жалғасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында 11-19 шілде аралығында өткен «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 2737 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Негізгі мақсат – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол ережелерін өрескел бұзудың жолын кесу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Павлодар облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш Мұстафиновтың айтуынша, шара кезінде жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін аумақтарға қосымша патрульдік нарядтар қойылды.

– Жүргізушілермен, жолаушылармен және жаяу жүргіншілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында кездесулер өтіп, көше-жол желісінің жағдайы мен жаяу жүргіншілер өткелдерінің жарықтандырылуы тексерілді, – деді Қуаныш Мұстафинов.

Тоғыз күнге созылған рейд қорытындысында 207 көлік мамандандырылған айып тұрағына орналастырылды. Сондай-ақ 108 мемлекеттік тіркеу нөмірі тәркіленді.

Рейд барысында облыс аумағында үш жол-көлік оқиғасы тіркелді. Анықталған құқық бұзушылықтардың арасында 60 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жауапқа тартылды.

Сонымен бірге, 73 адам жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған. Ал 151 жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырған.