Павлодарлық тасымалдаушылар көлік құжаттарының бірыңғай электрондық жүйесіне көшуде
Облыстық кәсіпкерлер палатасының логистика және цифрландыру салалық кеңесінің отырысында тасымалдау саласына қатысты өзекті мәселелер қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Негізгі тақырыптардың бірі – жол парақтары мен тауар-көлік жүкқұжаттарын Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесінде (БТБАЖ) міндетті түрде тіркеу тәртібі болды.
Кездесуді ӨКП директорының міндетін атқарушы Айдос Шайхислам жүргізді. Оған жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, мемлекеттік кірістер департаментінің, көліктік бақылау инспекциясының өкілдері, сондай-ақ онлайн-БТБАЖ жүйесін әзірлеушілер қатысты.
Көліктік бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Марат Тілегеновтің айтуынша, 1 маусымнан бастап жаңа талап заңды күшіне енді. Бұған дейін қолданыста болған мораторий кезінде тасымалдаушылар қағаз құжаттарды ғана пайдаланып келген.
– Енді қағаз құжаттармен қатар көлік құралдары туралы мәліметтерді көлік құжаттарын басқарудың электрондық жүйесіне енгізу міндетті, – деді ол.
Отырыс барысында тасымалдаушы компаниялар жаңа жүйеде тіркелу процесіне қатысты сұрақтарын қойды. Кәсіпкерлердің айтуынша, негізгі мәселелердің бірі – жүргізушілерді рейске шығаруға рұқсат беретін медициналық қызметкерлердің жүйеде болуы.
– Бұл электрондық жүйеде жұмыс істеу үшін дәрігер қажет. Мұндай мамандарды қайдан табуға болады, олар қандай базада тіркелген? – деп сұрады «Штерн» ЖШС бас директоры Валерия Майбах.
Жүйе әзірлеушілері дәрігердің келісімі мен мөрі бұрыннан бері міндетті талап болғанын түсіндірді. Айырмашылық тек құжат айналымының форматына қатысты: бұрын рұқсат қағаз жүзінде рәсімделсе, енді ол электрондық цифрлық қолтаңба арқылы цифрлық форматта беріледі.
Кездесу барысында кәсіпкерлер БТБАЖ жүйесін пайдалану кезінде туындайтын өзге де мәселелерді талқылады.
Сонымен қатар жиын қорытындысы бойынша Қазақстанның Ұлттық тасымалдаушылар қауымдастығы, Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы және көліктік бақылау органдары өңірдегі тасымалдаушы компанияларға арналған арнайы чат құру туралы шешім қабылдады. Пилоттық жоба маңызды ақпаратпен жедел алмасуға мүмкіндік береді.
Отырыста бұдан бөлек халықаралық автомобиль жүк тасымалы саласындағы салықтық реттеуді жетілдіру мәселелері қаралып, бизнес-процестерді автоматтандыруға және оңтайландыруға арналған цифрлық платформаның таныстырылымы өтті.