Павлодарда МӘМС жүйесі арқылы оңалтудан қалай өтуге болады?
Мәслен, кейбір оңалтулар МӘМС жүйесі арқылы тегін жүзеге асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының мәлімдеуінше, Қазақстанда жыл сайын 50 мыңнан астам адамда инсульт жағдайы тіркеледі.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары бұл аурудың «жасарып» келе жатқаны байқалады. Науқастардың үштен бірінен астамы – 40 пен 50 жас аралығындағы азаматтар. Бұл инсульттің еңбекке қабілетті жастағы халық арасында жиілеп, мүгедектікке алып келетін негізгі себептердің бірі болып отырғанын көрсетеді.
Осыған байланысты мемлекет инсульттің алдын алу, емдеу және науқастарды оңалту мәселелеріне ерекше көңіл бөлуде. Елімізде қозғалыс, эмоциялық, психикалық және когнитивтік функцияларды қалпына келтіруге бағытталған кешенді оңалту шаралары жүргізілетін көптеген мамандандырылған орталықтар мен бөлімшелер жұмыс істейді.
— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған мәртебесі бар әрбір пациент медициналық оңалтудан тегін өтуге құқылы. Бұл қажетті медициналық көмекті дер кезінде алуға, жоғалған функцияларды қалпына келтіруге және инсульттен кейінгі өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Павлодар қалалық №3 ауруханасының оңалту бөлімшесінің меңгерушісі Айман Ерғазинова.
Маманның айтуынша, оңалту көмегін алу үшін пациент тіркелген емханасындағы учаскелік дәрігерге жүгініп, дәрігер-реабилитологтың кеңесіне жолдама алуы қажет. Тексеру нәтижелері бойынша мамандар науқастың жағдайын бағалап, бастапқы оңалту диагнозын қояды, жеке қалпына келтіру жоспарын әзірлейді және қажетті емдеу курсын тағайындайды.
Медициналық оңалту амбулаториялық және стационарлық жағдайда, стационарды алмастыратын форматта, үй жағдайында, санаторий-курорттық ұйымдарда жргізіледі.
Оңалту көмегінің түрі пациенттің денсаулық жағдайы мен медициналық көрсеткіштеріне қарай жеке анықталады. Сонымен қатар, пациенттер оңалтудан өтетін медициналық ұйымды өз бетінше таңдауға құқылы.
МӘМС жүйесі шеңберінде медициналық оңалту тек инсульттан кейін ғана емес, сонымен қатар, бас-ми операцияларынан, жарақаттардан, ісіктерді хирургиялық емдеуден және басқа да бірқатар аурулардан кейін де ұсынылады.
Ақжелеңділер уақытылы басталған оңалту ағзаның жоғалтқан функцияларын қалпына келтіруге, өмір сапасын жақсартуға және науқастың қалыпты өмір салтына тезірек оралуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
Айта кетелік, инсульт – ауыр салдарға әкелуі мүмкін жүрек-қан тамырлары жүйесінің ең қауіпті ауруларының бірі. Медициналық көмекке дер кезінде жүгіну және уақытылы оңалту шараларын бастау науқастың сауығу мүмкіндігін едәуір арттырады.