Павлодар облысында кәмелетке толмағандардан құралған қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды
Тергеу барысында осы топтың 47 қылмыс эпизоды анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ризабек Жанаттың мәлімдеуінше, Павлодар облысында кәмелетке толмағандардан құралған қылмыстық топтың әрекеті анықталып, олардың интернет-алаяқтық схемалары тоқтатылды. Топ Telegram мессенджерінде вейптер мен бір реттік электронды буландырғыштарды сату туралы жалған хабарландырулар жариялап, азаматтардан ақша жинаған.
– Тергеу барысында осы топтың 47 қылмыс эпизоды анықталды. Олар заңсыз түрде вейп, қорқор және басқа да өнімдерді сатамыз деп хабарландыру жариялаған, бірақ тауарлар іс жүзінде болмаған. Бұл әрекеттер қазіргі таңда Қазақстанда тыйым салынғандықтан, сату толықтай заңсыз жолмен жүргізілген. Нәтижесінде 47 адам зардап шеккен, жалпы шығын 500 мың теңгеден асты, ал аударымдар әрқайсысы 10-15 мың теңге көлемінде болған, – деді Ризабек Жанат.
Сонымен қатар, топ мүшелері жалған SIM-карталар мен аккаунттарды қолдануға әрекет жасаған, бірақ бұл схемалардың барлығы уақытылы тоқтатылған. Қылмыстық іс төрт адамға қатысты қозғалған, оның екеуі кәмелетке толмағандар – колледж студенттері.
– Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданып, шешімін күтіп отыр. Қылмыстық жауапкершілік мәселесі сот тарапынан жасына байланысты қарастырылады. Алдын ала болжам бойынша, кәмелетке толмағандар үшін шартты жаза, бостандығын шектеу немесе айыппұл сияқты минималды жаза қолданылуы мүмкін, – деді полиция қызметкері.
Бұл іс интернет-алаяқтыққа қарсы жүргізіліп жатқан профилактикалық шаралардың маңызды мысалы болып табылады және жастарды заңсыз әрекеттерден аулақ болуға шақырады.