Павлодарлық жас спортшы әлем чемпионатында топ жарды
Чемпионат Испанияда өтті, деп хабарлайды @Pavlodanews.kz тілшісі.
Өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Имашев батуттық гимнастикадан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген Софья Долгополовамен кездесті.
Кездесуге спортшының жеке жаттықтырушысы Екатерина Свиридова және облыстың батуттық гимнастикадан аға жаттықтырушысы Олег Белюсенко қатысты.
Бүгінде Софья Долгополова – Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер, ұлттық құрама жастар командасының мүшесі. Жас спортшы жақында ғана Памплона қаласында (Испания) өткен 2025 жылғы Әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алып, ел қоржынына маңызды жүлде салды. Бұған дейін ол Гонконгте (Қытай) өткен 2024 жылғы Азия чемпионатында батутта жеке секіру пәнінен чемпион атанған болатын.
Азамат Имашев Софьяның әлемдік біріншіліктегі табысты өнерін атап өтіп, оның жеңісінде жаттықтырушылар тобының еңбегі зор екенін жеткізді. Басқарма басшысы жас спортшыға алдағы ірі додаларда да жаңа биіктерді бағындыруына тілектестік білдірді.