Павлодарлық жазушы «Ертөстік» әдеби сыйлығына ие болды
Марапат өткен жылғы қорытынды нәтижесінде табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһарымыздың ардагер жазушысы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалымбек Жұматов «Ала-көжек» повестер жинағы үшін «Ертөстік» әдеби сыйлығымен марапатталды. Марапат Алматы қаласында «Қазақ әдебиетінің жарқын келешегі» атты жиында 2025 жылғы әдеби жыл қорытындысы бойынша табысталды.
«Ертөстік» әдеби сыйлығы Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан үздік шығармаларға және ұлттық әдебиетті дамытуға үлес қосқан қаламгерлерге беріледі. Үміткерлердің шығармалары арнайы кеңестерде қаралып, кейін Жазушылар одағының хатшылығының шешімімен бекітіледі.
Ғалымбек Жұматовтың «Ала-көжек» повесі балалар мен жасөспірімдерге арналған танымал шығармалардың бірі. Бұл туынды 1986 жылы «Жалын» баспасының жабық әдеби бәйгесінде үшінші орын алған. Кейін 1992 жылы «Балауса» баспасынан жеке кітап болып жарық көрді. Повесте жауынгердің баласы Жалғас пен кең аулалы үйде бірге өскен балалардың өмірі, достығы және қызықты оқиғалары баяндалады.
Жазушы әртүрлі жанрда еңбек етіп келеді. 2023 жылы оның «Көңілді толқын кездері» атты спектакльдер жинағы жарық көрді. Кітапқа драмалық және комедиялық пьесалар, сондай-ақ тарихи қойылымға арналған сценарий кірді.
Ал өткен жылы Жеңістің 80 жылдығына орай жазушының «Ленинград: от пен мұз» атты кітабы басылып шықты. Шығармада Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі аз зерттелген деректер мен Ленинград шайқасының тарихы баяндалады.
Жазушының шығармалары оқырманды тарихты тануға, адамгершілік пен достық құндылықтарын бағалауға шақырады. «Ертөстік» әдеби сыйлығы – оның әдебиет саласына қосқан еңбегінің жоғары бағасы.