Павлодарда балалар ертегісінің тұсаукесері өтті
Облыстық кітапхананың С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығында Людмила Бевз және Марал Тәженованың «Досиктің дәуірлерге саяхаты: ежелгі Павлодар туралы ертегі» атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Кітаптың авторы Марал Тәженованың айтуынша, барлық тарихи материал ғылыми кітаптардан, мақалалардан, өлкетану мұражайларынан жиналып, жүйеге келтірілген.
– Ол үшін бір жылдай уақыт кетті. Содан соң жазушы Людмила Бевз бұл материалды балалар тіліне аударып, ертегі түрінде жазды. Жас суретші Лейла Андерсон иллюстрация салып, жергілікті жас ақын, аудармашы Айбек Оралхан ертегінің аудармасын жасады, – дейді Марал Тәженовна
Кітаптың ішінде QR-код арқылы облыстық кітапхана мен петроглифтер ұғымы, «Қаз қонақ» ескерткішіндегі ежелгі жануарлар туралы деректерді оқуға болады.
– Кітап қазақ және орыс тілдерінде 50 дана болып шықты. Бұл кітапқа қызығушылық танытқан оқырмандар көп. Бұл жауапкершілігі мол, ауыр жұмыс және көп уақыт пен еңбекті қажет етеді, – дейді Марал Тәженовна
Ежелгі Павлодар туралы ғылыми-танымдық туынды кішкентай павлодарлықтардың ертегі кейіпкері – білімқұмар Досикпен бірге Ертіс өңірінің тарихын зерттей алуы үшін балалар тілінде жазылған.
Презентацияда кезінде балалар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Айзада Бақытжанова