Павлодарда ауыр қылмыстарды ашуда кинологтардың еңбегі зор

Павлодарда ауыр қылмыстарды ашуда кинологтардың  еңбегі зор
Фото: ПД баспасөз қызметінен

Жыл басынан бері қызметтік иттердің арқасында 60-тан астам қылмыс ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақ тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тәртіп сақшыларынан бөлек,  қызметтік иттердің де еңбегі орасан. Төрт аяқты жануар адамзаттың адал досы екенін әркез дәлелдеп келеді.

Мәселен, жыл басынан бері Павлодар облысында қызметтік иттердің өткір иіс сезу қабілетінің арқасында 64 қылмыс ашылды. Оның 29-ы есірткінің заңсыз айналымына байланысты. Бұл көрсеткіштер – кинологиялық қызмет орталығындағы 16 иттің күнделікті еңбегінің нәтижесі. Мұнда неміс және бельгиялық овчаркалар, лабрадорлар мен спаниельдер қызмет атқарады. Әр тұқым өз бағыты бойынша тиімді қызмет атқаратынын әлдеқашан дәлелдеп үлгерген.

Олардың күн тәртібі қатаң. Қызметтік иттің әр күні минутына дейін жоспарланған. Мәселен, таңертең міндетті түрде ветеринарлық тексеруден өтеді. Одан кейін жарылғыш заттар мен есірткіні іздеуге бағытталған жаттығулар мен үйрету жұмыстары жүргізіледі. Бұл процесс 6-8 айға созылады. Қызмет барысында олар тәулік бойы жедел-тергеу топтарының құрамында жұмыс істейді. Біз ойын және ынталандыру әдістерін қолданамыз. Ит жұмыс істеуді өзі қалап тұруы керек. Тұрақты тәжірибелік және теориялық сабақтар іздеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді орталық бастығы Нияз Валиев.

Қызметтік иттермен жұмыс – жай ғана қызмет емес. Жылдар бойы кинолог пен ит арасында сөзбен жеткізу қиын ерекше байланыс қалыптасады. Ит серігінің ең ұсақ қимылын да сезеді, ал кинолог өз қарауындағы иттің күйін бір ғана көзқарастан түсінеді.

Ауыр қызметтен кейін иттер вольерлеріне оралады, бірақ әр таң сайын олар өз адамымен кездесуді асыға күтеді. Өйткені олар үшін полиция – жай ғана жұмыс емес, достық пен толық сенімге негізделген берік тандем.