Павлодардағы қазақ театрында кезекті қуыршақ ертегісі сахналанбақ
Жаңа туындыны үш жастан асқан балалар тамашалай алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры балаларға базарлық әзірлеуде. Қазақ өнерінің қарашаңырағы 2020 жылдан бері А.Салбанның “Ойыншықтар” қуыршақ туындысын ұсынып келеді.
Бүгінде жоба жалғасын тауып, балабақша жасындағы кішкентай балаларға В.Павловскистің “Айлакер түлкі” қуыршақ ертегісі әзірленуде.
Жаңа туындының қоюшы режиссері - Нұркен Тұрлыбек.
- Бұл ертегіні таңдап алудағы мақсатым - мұнда өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетін оятып, қуыршақтар арқылы адамгершілік пен ізгілік қасиеттерін бойына дарыту көзделген. Сонымен қатар, балалардың ойлау, қабылдау, таным, көру, есту қабілеттерін дамытуға да әсері мол. Әрі біздің кішкентай көрермендеріміз бұл қойылымнан татулық, бірлік, достық тәрізді құндылықтарды бойына сіңіре алады, - деді Нұркен Тұрлыбек.
Ертегідегі кейіпкерлерді ҚР Мәдениет саласының үздігі Айсұлу Балтабаева және театрдың жас әртістері Айзана Тасболатова мен Бекнұр Дастанұлы сомдайды.
Қуыршақ қойылымының премьерасы 1 маусым күні сағат 10:00-де және 11:00-де болады.
Сонымен қатар, ертегіні қаламыздың кішкентай тұрғындары 2,3 маусым күндері де тамашалай алады.