Павлодарлықтарға жеке үйді орталық суға қосу тәртібі түсіндірілді
Тұрғындар құжаттарды жинау кезінде белгілі бір реттілікті сақтауы тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодар-Водоканал» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, процесті бастау үшін нысан иесінің жеке куәлік көшірмесі, жылжымайтын мүлікке ауыртпалық туралы анықтама және 1:500 масштабтағы топографиялық түсірілім қажет. Егер қосылу жеке меншік желілер арқылы жүргізілсе, сол желі иесінің жазбаша рұқсаты қоса беріледі. Сондай-ақ үйдің бірнеше иесі болған жағдайда, олардың барлығынан ортақ келісім талап етіледі.
Мамандар алдымен топографиялық түсірілімге тапсырыс беруді ұсынады. «Мемқалақұрылыс кадастры» РМК бұл құжатты 15 жұмыс күні ішінде әзірлейді. Ал eGov немесе Kaspi қосымшасы арқылы алынатын ауыртпалық туралы анықтаманы ең соңында рәсімдеген жөн, өйткені оның жарамдылық мерзімі 10 күнмен шектелген.
Толық кеңес алу үшін М. Мақатаев көшесі, 35/12 мекенжайында орналасқан «Павлодар-Водоканал» ЖШС кеңсесіне хабарласуға болады. Топографиялық түсірілім мәселесі бойынша Кривенко көшесі, 25 мекенжайына жүгіну қажет.