Павлодарлық оқушылар республикалық олимпиададан олжамен оралды
Жерлестеріміздің қоржынында 9 медаль бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының мәлімдеуінше, білім додасы Шымкент қаласында өткен. 9-11-сынып оқушылары арасында орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі, құқық негіздері пәндерінен республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі өтті.

- Дарынды балаларды анықтау және олардың ғылыми әлеуетін дамытуға арналған зияткерлік байқауда еліміздің барлық өңірінен іріктелген 272 оқушы бақ сынады, - делінген хабарламада.
Оқушылар тапсырмаларды орындау арқылы өздерінің әдеби талдау, ойлау, шығармашылық және коммуникация қабілеттерін дамытып және құқықтық білім негіздерін игеріп, заңдар мен олардың күнделікті өмірде қолданылуын көрсете білді.
Павлодар облысының намысын қорғаған 12 оқушы 9 медальға ие болды. Оның ішінде 3 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль бар.
Республикалық олимпиада қорытындысы бойынша алтын медальға және І дәрежелі дипломмен «Жас дарын» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Адия Ахмедиева, Павлодар қаласы А.Шамкенов атындағы лицей-мектебінің 10-сынып оқушысы Елизавета Татару, дарынды балаларға арналған № 3 гимназияның 10-сынып оқушысы Жанель Басепова ие болды.
Фото: Облыстық білім басқармасынан