Павлодарда полицияны әуреге салған студент қызға айыппұл салынды
Ол өзін тонап кеткені туралы қоңырау шалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 20 жастағы қала тұрғыны 102 операторының сұрақтарына жылап жауап берген.
– Менің сөмкемді ұрлап кетті, онда 100 мың 500 теңге қолма-қол ақша және көк түсті «Самсунг» телефоны жатты. Мен автобустан шыққанда артымдағы адам сөмкені жұлып алып, аулаға қашып кетті. Мен оның артынан жүгірдім, бірақ оны қуып жете алмадым, ол жоқ боп кетті, – деп жәбірленуші телефонның ар жағынан жылаған.
Әрі қарай ұрының не кигенін баяндап, қылмыскердің түрі есінде жоқ екенін айтқан.
Жедел тергеу тобы дереу көрсетілген мекенжайға барған. Жедел қызметкерлер, автопатрульдер және учаскелік инспекторлар жәбірленуші көрсеткен жақын маңдағы көшелерді пысықтаған. Барлық азаматтар қарақшыға ұқсас белгілер бойынша тексерілген. Сондай-ақ, бейнебақылау камералары қаралған, бірақ камерада бірде-бір күдікті, сондай-ақ бұған дейін айтқандай қыздың ер адамның артынан аулада жүгіргені түспеген.
Тергеуші оның күдікті сөздерінен кейін жәбірленуші полиция бөліміне жеткізілген. Сұрақтар қоя бастағанда тергеушінің күдігі расталған. Жауап алу кезінде қыз айғақтарды шатастыра бастап, жылап жіберген және өзін ешкім тонамағанын мойындаған.
Полиция әжесі студентке несиесін өтеу үшін 100 мың теңге бергенін анықтаған. Ал ол бұл ақшаны өзінің қажеттіліктеріне жұмсаған. Кейінірек туыстарының ұрысқанынан қорқып, тонау туралы оқиғаны ойлап тапқан.
Арнаулы қызметтерді көрінеу жалған шақырғаны үшін жәбірленуші жауапқа тартылып, 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Департаментте мұндай әзілдер басқа адамдардың қауіпсіздігіне және жедел жәрдем ресурстарына қауіп төндіретінін түсіну маңызды екенін ескертеді.