Павлодарлықтардың мүлік салығы бойынша берешегі 41 миллион теңгеге жетті
Төлемді 2026 жылғы 1 қазанға дейін жасау қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында 27 мыңнан астам тұрғынның мүлік салығы бойынша берешегі бар.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының мәліметінше, тұрғындардың жалпы берешегі 41 миллион теңгені құрайды.
Ведомствоның өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Арман Увалиевтің айтуынша, облыстағы 260 мыңнан астам тұрғынға шамамен 346 миллион теңге көлемінде мүлік салығы есептелген. Оның 220 миллион теңгеден астамы бюджетке төленген.
– Екінші қазаннан бастап мәжбүрлеу шаралары қолданыла бастайды. Егер мүлік салығы төленбесе және берешек сомасы бір айлық есептік көрсеткіш – 4 325 теңгеден асса, салық төлеушіге салық берешегі туралы хабарлама жіберіледі. Хабарламаны алғаннан кейін 30 жұмыс күні ішінде берешек өтелмеген жағдайда, салық бұйрығы шығарылады. Бес жұмыс күні өткен соң бұйрық автоматты түрде жеке сот орындаушыларына жолданады, – деп атап өтті Арман Увалиев.
Салық органдары мүлік салығы жылжымайтын мүлік орналасқан жер бойынша төленетінін еске салды. Есептелген соманы тексеріп, төлемді «e-Salyq Azamat» қосымшасындағы «Алдағы төлемдер сервисі» арқылы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларынан, Мемлекеттік кірістер комитетінің порталынан, «SalyqBot» Telegram-боты немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы жасауға болады.