Неліктен қазақтың бесігі қайтадан трендке айналуда?

Соңғы жылдары ата-аналар заманауи балалар төсегінен гөрі дәстүрлі қазақ бесігін таңдауды жөн көріп жүр. Неліктен бесік қазақ тұрмысының бір бөлігіне қайта айналып келеді? Бұл туралы @Pavlodarnews.kz тілшісіне «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің белсендісі, еңбек ардагері Қайырлы Жақсыбаева айтып берді.
Қайырлы Жақсыбаеваның айтуынша, бүгінде ұмыт қалып бара жатқан қолдан, бірде-бір шеге қақпай жасалған ағаш бесіктің көптеген артықшылықтары бар.
– Қазақта «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген сөз бар. Бұл – шындық. Себебі біздің бесігіміз жай ғана төсек емес. Бұл – балаға деген қамқорлықтың, тәрбиенің және жайлылықтың тұтас жүйесі, – дейді Қайырлы апа.
Бесікті қайың немесе алма ағашынан жасайды. Алма ағашынан жасалған бесік баланың дені сау, халық арасында сыйлы, сүйкімді болуы үшін ақ тілектермен әзірленеді. Бесік мүлде шегесіз құрастырылады, шеберлер оны икемді әрі қауіпсіз етіп жасайды. Ал оның басты ерекшелігі – доғалданып жасалған түбі, бұл арқылы баланы жеңіл тербетіп, сәбиге алғашқы күндерінен-ақ үйреншікті бірқалыпты қозғалыс сыйлайды.
– Бала емізерде бесік жырын айтады. Бұл жай ғана ән емес – әр ана немесе әже өз жүрегінен шығарып, баласына тәтті ұйқы, жарқын болашақ тілеп айтуы. Бұл – мейірім мен жылулықтың байланысы, – дейді Қайырлы Жақсыбаева.
Бесіктің басты артықшылығы – оның ойластырылған құрылымы. Ішіне арнайы түбек, ал ұл балаларға қойдың сүйегінен жасалған шүмек орнатылады. Ол баланың табиғи қажеттіліктерін тікелей ыдысқа бағыттайды.
Бұл бесікті гигиеналық және ыңғайлы етеді: бала әрдайым құрғақ жүреді, жаялық қажет емес – бұл әсіресе қазір өзекті, өйткені жас отбасылар жаялықтардың қымбаттығына жиі шағымданады.
Бесік ішіндегі сәби үшін жеке кеңістік қалыптасады: төсек-орын, түбекке арналған ойығы бар матрас, көрпе-жастық. Жазда сәбиді жеңіл ақ көрпешемен, қыста қалың корпешемен жабады. Бала жынысына қарай бесікке әшекей де ілінеді: қыздарға үкі қауырсыны, ұлдарға тұмар тағылады.
– 1996 жылы бірінші немерем туған кезде мен бірден оны бесікке бөлеуді ұйғардым. Маған бұрын 10–11 бала жатқан көне бесікті алып келді. Бұл тұтас бір оқиға еді. Өзім әжелерімнен алған дәстүрді немереме жеткізуге қатты қуандым, – деп еске алады ол.
«Бесікке салу» рәсімі – жай ғана баланы бесікке бөлеу емес. Бұл – әр қазақ отбасы үшін мереке, қуаныш. Әдетте оны бала қырқынан шыққан соң өткізеді. Ондай мерекеге туыстар, көршілер, балалар шақырылады. Сондай-ақ, шашу шашылады – бұл қуанышты білдіреді. Бесікке бөлеуді көп балалы ана немесе жасы үлкен, сыйлы әже жүргізеді. Мұнда жас маңызды емес – бастысы, адамның қадірі мен даналығы.
Қазіргі заманауи төсек-орындардың мұндай артықшылықтары жоқ дейді ардагер. Бала өз қимылдарынан шошып оянып кетуі мүмкін. Ал қазақ бесігінде сәби тығыз оралған, өзін қауіпсіз сезінеді, тыныш ұйықтайды және жаялықтың сулануынан оянбайды. Үйден көшкенде де бөлек жатқызудың қажеті жоқ – бесік жеңіл көтеріліп, толық күйінде тасымалдана береді. Бұл белсенді өмір салтын ұстанатын жас отбасылар үшін өте ыңғайлы.
– Бала өскенде өзі-ақ бесікке жатқызуды сұрайды. Бұл оның жеке кеңістігіне, жайлылық пен қауіпсіздік әлеміне айналады. Ал бесік ескіргенде оны лақтырмайды – салтанатты түрде өртеп, күлін таза, оңаша жерге – көбіне ағаш түбіне көміп қояды. Бұл – отбасы үшін қымбат, ата-баба жылуын сақтап келген заттарға жасалатын құрмет, – деп түсіндіреді Қайырлы Жақсыбаева.
Қайырлы Жақсыбаеваның айтуынша, бүгінде бесікке қызығушылық артып келеді. Көптеген жас отбасылар «Нұр Ана әлемі» сияқты бірлестіктерге келіп, бесікті қалай пайдалану керегін, рәсімді қалай өткізу керегін сұрайды. Бұл жай ғана сән қуалау емес, бұл – ғасырлардан бері келе жатқан күшін жоғалтпаған дәстүрге саналы түрде оралу.