Павлодар облысында инвестициялар шамамен 15 пайызға өсті

Павлодар облысында инвестициялар шамамен 15 пайызға өсті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде өнеркәсіп өндірісі артып, бірқатар салаларда айтарлықтай өсім тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында аймақта негізгі капиталға салынған инвестициялар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,5%-ға өсіп, 85,7 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде өңдеуші секторға 16,1 миллиард теңге бағытталған.

Облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары 706,5 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, өсім 2,4%-ды көрсетті. Жалпы көлемнің 55,4%-ы өңдеу саласына тиесілі.

Өңдеу секторында өндіріс көлемі 4,6%-ға артқан. Әсіресе фармацевтика саласы 2,8 есеге өссе, құрылыс индустриясы 87%-ға, жеңіл өнеркәсіп 74%-ға ұлғайған. Сонымен қатар дайын металл бұйымдарын өндіру 30,1%-ға, химия өнеркәсібі 15,1%-ға, тамақ өнімдері өндірісі 9,1%-ға артқан.

Бұдан бөлек, мұнай өңдеу 5,3%-ға, ал қара металлургия 4,3%-ға өсім көрсеткен.

Естеріңізге сала кетейік, Май ауданында жалпы құны 34,4 миллиард теңгені құрайтын алты инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.