Павлодар облысының тұрғындары өңірдегі ХҚКО қандай сұрақтарды жиі қояды
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 92 пайыз электрондық форматта қолжетімді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының ХҚКО мамандары тұрғындардың мемлекеттік қызметтерді алу кезінде жиі қоятын сұрақтарын атап өтті. Олардың қатарында: ЭЦҚ рәсімдеу және пайдалану, анықтамалар алу, тұрғылықты жері бойынша тіркелу, құжаттарды қалпына келтіру және тұруға ықтиярхат рәсімдеу мәселелері бар.
Ең көп сұранысқа ие тақырыптардың бірі – электрондық цифрлық қолтаңба. Азаматтар телефонда ЭЦҚ бар болса, оны не үшін рәсімдеу қажет екенін және құпиясөз жоғалған жағдайда не істеу керектігін сұрайды. Мобильді ЭЦҚ тек eGov Mobile қосымшасында жұмыс істейді, ал ұмытылған құпиясөзді қалпына келтіру мүмкін емес. Мұндай жағдайда жаңа ЭЦҚ рәсімдеу қажет. Көп жағдайда мұны өздігінен онлайн режимде жасауға болады.
– Тұрғындар жоғалған құжаттарды қалпына келтіру мәселесі бойынша да жиі жүгінеді. Бұл ретте заңнамада көзделген жағдайларда жаңа құжатты алғанға дейін оның цифрлық нұсқасын пайдалануға болады. Мысалы, цифрлық құжаттар қабылданатын жерлерде қажетті мәліметтерді растау үшін қолдануға мүмкіндік бар, – деді ХҚКО мамандары.
Тағы бір кең таралған мәселе – анықтамалар алу. Бүгінде олардың көпшілігін «Электрондық үкімет» порталы мен оның мобильді қосымшасы, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер және EgovKzBot2.0 Telegram-боты арқылы өздігінен рәсімдеуге болады. Бірқатар жағдайда тұрғылықты жері бойынша тіркелу қызметін де қашықтан алуға мүмкіндік бар.
Тұруға ықтиярхат рәсімдеу мәселесі де өзекті болып отыр. Мамандар қызметті алу талаптары мен тәртібімен алдын ала танысып алуға кеңес береді, өйткені жекелеген көші-қон рәсімдері цифрлық форматқа көшуде.
Жалпы, азаматтардың өтініштеріне қарап, бүгінде олардың сұрақтары қызметті қайдан алуға болатынынан гөрі, оны қалай жылдам әрі өздігінен алуға болатынына көбірек қатысты екенін байқауға болады. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы электрондық форматта қолжетімді. Сондықтан мамандар Павлодар облысының тұрғындарына уақытты үнемдеп, мемлекеттік қызметтерді алудың өздеріне ыңғайлы тәсілін таңдауға кеңес береді.