Павлодарлық айтыскерлер суырып салма өнеріне қадам басу үшін не керек екенін айтты

Айтысқа бастауыш сыныптан икемделу маңызды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Айтыс – ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық мұра, сөз өнерінің шыңы. Қазақ халқы үшін ол – тек өнер емес, ұлттың ой-санасын, болмысын, дүниетанымын айшықтайтын қазына. Сөз барымтасы ретінде айтыс суырып салмалық пен тапқырлықты ғана емес, терең білімді, халық тарихын, дәстүрін білуді қажет етеді.
– Алдымен оқушылардың ішінен дарынды, әдебиетке, өлеңге жақын өрендерді іріктеп аламын. Кейіннен сан жылдар бойғы жинақталған тәжірибе бойынша жасалған бағдарламамен жұмыс жасаймын. Бүгінде 15-тен астам мектеп оқушысы ақындар үйірмесіне қатысып жүр. Баланы бастауыш сыныптан өнерге икемдеу маңызды, себебі ой-санасы жедел қабылдап, нәтиже шығаратын уақыты – осы шақ, – дейді айтыс өнерінің дамуына үлес қосып жүрген айтыскер, ұстаз Асығат Тұрғанбек.
Асығат Тұрғанбектің айтуынша, айтыста тек сөз саптауы ғана емес, домбыра шеберлігі мен әсерлі дауыс та үлкен рөл атқарады.
– Айтыс ақыны жан-жақты, ізденімпаз болуы тиіс. Білімділік пен кітап оқу әдетін қалыптастыру – біздің басты міндетіміз. Әрине, кітаптарды жас ерекшелігіне сай ұсынамыз, бірте-бірте жыраулар поэзиясына дейін жетеміз, – деп атап өтті ол.
Павлодар ауданының жас айтыскері Қадырбек Алтай – осы өнерді өмірлік серігіне айналдырған жандардың бірі. Ол мектеп қабырғасынан бастап өлеңге құмартып, алғаш рет айтыс сахнасына мектеп кезінде шыққан.
– Балалықтан бастап өлең жазып жүретінмін. Алғашқы айтысым Алтынсарин атындағы гимназияда өтті. Кейін студент кезімде де айтыстарға қатысып, облыстық, республикалық сахналарға шықтым. Қазір Павлодар ауданының атынан тұрақты түрде аймақтық, республикалық айтыстарға қатысып келемін, – дейді ақын.
Айтысқа шығу үшін үлкен ізденіс пен дайындық қажет. Қадырбек Алтайдың айтуынша, қарсылас жайлы алдын ала мәлімет жинап, оны сахнада орынды қолдану ақынның шеберлігін арттыра түседі.
– Қарсыласыңның оқитын орны, кәсібі, тіпті өмірбаянына дейін білу қажет. Бірақ кейде финалда кіммен шығатынымыз белгісіз болады. Мұндай кезде табан астында жауап беру өте қиын. Дегенмен халықтың алдында, сахнада отырған сәт – шабыттың нағыз оянар шағы, – дейді ол.
Айтыскердің пікірінше, ақындық өнер – тек талант қана емес, үлкен еңбек. Көп оқу, іздену, алдыңғы буын ақындардың айтысын зерттеу – әрбір жас талапкер үшін басты міндет.
Ақын үшін шабыт – ерекше күй. Қадырбек Алтайдың ойынша, ол күнделікті тіршілікте келе бермейді.
– Шабыт жайшылықта келе қоймайды. Көбінесе сахнаға шыққанда, халықтың алдында отырғанда сезіледі. Кейде айтысқа бір ай қалғанда дайындала бастаймыз, бірақ өлеңді үш-төрт күн қалғанда ғана жазып шығамыз. Өйткені нағыз ой-сезім сол кезде ашылады, – дейді жас ақын.
Қадырбек Алтайдың алдағы мақсаты – Павлодар ауданынан шәкірт тәрбиелеп шығару. Өйткені бұл өңірде айтыс өнері кенже қалып жатады.
– Біздің аудан негізінен орысша орта болғандықтан, ұлттық өнерге бет бұратын жастар аз. Сондықтан болашақта шәкірт тәрбиелеп, ауданнан республикалық деңгейде танылатын жас айтыскерлер шықса деймін, – дейді ол.
Айтыс – ұлттың айнасы. Ол өнер ғана емес, халықтың болмысын, тарихы мен дүниетанымын сақтап келе жатқан рухани қазына.