Павлодарда «SuperStar KZ» кастингі өтеді
Танымал музыкалық жоба қайта оралып, өңір жастарына үлкен сахнаға жол ашады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы аңызға айналған «SuperStar KZ» жобасын қайта жаңғыртып, ел бойынша жаңа таланттарды іздеуді бастады. Музыкалық жобаға 16-25 жас аралығындағы өнерге құштар азаматтар қатыса алады.
– «SuperStar KZ» – жас таланттардың үлкен сахнаға жолын ашатын бірегей алаң. Қатысушылар тек өнер көрсетіп қана қоймай, кәсіби деңгейде шыңдалып, жаңа мүмкіндіктерге ие болады. Жоба әлемге танымал Pop Idol форматы негізінде әзірленген. Қазақстанда алғаш рет 2003 жылы эфирге шығып, көрермен ықыласына бөленген шоу бұл жолы жаңартылған форматта ұсынылады, – деді ұйымдастырушылар.
Қазылар алқасының құрамында тәжірибелі журналист Ләйлә Сұлтанқызы, танымал әнші Мақпал Исабекова және продюсер Ерболат Беделхан бар.
Кастинг еліміздің тоғыз ірі қаласында өтеді. Павлодардан бөлек, іріктеу Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Семей, Қостанай, Астана, Қызылорда және Алматы қалаларында ұйымдастырылады.
Офлайн кастингке қатыса алмаған үміткерлер @superstarkz Telegram арнасы арқылы онлайн форматта өтініш бере алады.
Кастинг аясында Павлодар қаласында іріктеу 12 сәуір күні Қ.Сұрағанов көшесі, 21 мекенжайында сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін ұйымдастырылады.