Баянауылда арқарлар саны қарқынды өсіп келеді

Баянауылда арқарлар саны қарқынды өсіп келеді
Фото: Баянауыл МҰТП-нан

Қызылтау қамалында оларды жылдың кез келген мезгілінде кездестіруге болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары мен «Қазавиаорманқорғау» қызметкерлері аумақты тексеру кезінде арқарлар тобына тап болды. Тасты жоталар арасында еркін жүрген жануарлар өңірдің бай табиғатын тағы бір мәрте көрсетті.

Аңшылықтанушы Бекзат Әкімбековтің айтуынша, биыл арқарлардың саны 794 басқа жеткен. Жыл сайын олардың қатары орта есеппен он басқа толығады.

– Қазіргі уақытта арқарларға айтарлықтай қауіп төніп тұрған жоқ. Оларды қорғау үшін рейдтік жұмыстар жүргізіледі. Жануарлардың санын есептеу жылына екі рет тікұшақ арқылы жүзеге асырылады, – деді маман.

Арқарлар Қызылтау мемлекеттік табиғи қамалында жиі ұшырасады. Оларды жылдың кез келген мезгілінде байқауға болады. Әсіресе, таңертең ерте және кешкі уақытта белсенді келеді. Бір үйірде бес бастан 80 басқа дейін болуы мүмкін. Қарашада олардың ұйығу кезеңі басталады.

Маманның сөзінше, Баянауылдағы арқарлар популяциясы тұрақты өсіп келеді. Бұған ұлттық парк қызметкерлерінің табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстары ықпал етеді.

– Арқарлар таулы әрі тасты жерлерді мекендейді. Мұндай орта олардың табиғи тіршілігіне қолайлы әрі жыртқыштардан қорғануына мүмкіндік береді. Дегенмен, туристер санының көбеюі жануарлардың тіршілік ортасына әсер етуі мүмкін, – деп түсіндірді Бекзат Әкімбеков.

Еске сала кетейік, бұған дейін баянауылдық тұрғын Аман Қанат табиғатты дронмен түсіру кезінде арқарлар тобын кездейсоқ бейнежазбаға түсіріп алған еді.