Павлодарлық шаруа қожалықтар «TortTulik» қосымшасы арқылы малдарын түгендей алады
Қолданба смартфон арқылы жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, Қазақстанда ағымдағы жылдың 18 шілдесінен бастап ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне арналған «TortTulik» мобильді қосымшасы іске қосылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі жобаны АӨК-дегі экономикалық саясатты талдау орталығымен бірлесіп әзірледі.
Қосымша Ауыл шаруашылығы жануарларының базасын кеңейтуге көмектеседі, әрбір жануар иесі (ШҚ, ЖШС, ЖҚШ және т.б.) өз малына түгендеу жүргізе алады. Нәтижесінде ветеринарлар ветеринарлық-профилактикалық шараларды уақтылы және толық көлемде жүргізуге мүмкіндік алады.
– Бағдарлама арқылы ветеринарлық төлқұжат алуға болады және болашақта малды сатып алу-сату, жоғалған кезде тегті ауыстыру, сондай-ақ сойғаннан кейін жануарды есептен шығару рәсімдерін жасауға болады. «TortTulik» ауыл тұрғындары үшін ақпараттық хабқа айналады. Қосымшада саланың соңғы жаңалықтарын жіберу мүмкіндіктері, алдағы вакцинация туралы хабарламалар және тағы басқалары бар, – деді басқармада.
Қосымша жаңартылғаннан кейін ет сатып алушыларға арналған бөлім енгізіледі. Сонымен қатар қазақстандықтар «sogym.kz» бөлімінде тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден жануардың ветеринарлық бақылауынан өткен ұшасына тапсырыс бере алады.
Әзірге «TortTulik» Android Playmarket-тен жүктеуге қолжетімді. Әзірлеушілер кейінірек қосымшаны iOS-тағы смартфондарға бейімдейді. Айта кетейік, бүкіл ел бойынша 1,5 млн мал иесі мобильді бағдарламаның әлеуетті пайдаланушылары болады.